ТАР БӨЛМЕ ҺӘМ КЕҢ КӨЛІК

жатақхана мәселесі қашан шешімін табады?
Жыл сайын тамыз келсе, студенті бар үйдің мазасы қашады. «Балам қайда жатады, қайда түнейді?» деген сауал ата-ананың арқасына батып келеді. Қағаз жүзінде бәрі тамаша көрінгенімен, іс жүзіне келгенде жағдай мүлдем басқаша. Жоғары аудиторлық палатаның соңғы мәлімдемесі білім беру саласындағы «әдемі есептердің» астарын ашып берді. Тарқатсақ, бізде жатақхана тапшылығы туралы деректердің өзі екіұдай екен.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Тілеген Каскиннің айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен тиісті операторлар ұсынған деректер арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Тіпті, бұл алшақтық 31 мың орыннан асып түскен. Ойлап қараңызшы, бұл — бір қаланың халқымен тең көрсеткіш. 2024-2025 оқу жылының өзінде 10 мыңнан астам орынның тапшы болғаны ресми айтылды. Сонда министрлік пен оператор бір-бірінің есебінен хабарсыз болғаны ма әлде шындықты әдемі сандардың артына жасырудың кезекті амалы ма?
Студенттерді баспанамен қамту мәселесінде бұрын белгіленген 70 пайыздық меже қол жетпес қиялға айналғандай. Ел мақтанышы саналатын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бұл көрсеткіш небәрі 51,7 пайыз болса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 56,7 пайызды құраған. Демек екі студенттің бірі далада қалып отыр деген сөз. Ең сорақысы бұл емес. Студенті тар бөлмеде төрт адамнан жатқанда, оқу орындарының басшылығы өз жағдайларын жасаудан кенде емес көрінеді. Аудиторлық тексеріс барысында аталған қос алпауыт университет әкімшілік қажеттіліктер үшін автокөлік сатып алуға 133 миллион теңгеден астам қаражат жұмсағаны әшкере болды. Студенті жатақхана таппай, пәтер жағалап, вокзалда түнеп жүргенде, университет ректораттарының қымбат көлік мініп, шіреніп жүргені қалай? Сауал көп, жауап өкінішке қарай жоқ…
С.НҰРАЙ.




