ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысында жергілікті билік пен бұқара арасындағы байланыс жаңа сипат алуда. Осы аптада Түркістан қаласындағы Азаматтарды қабылдау орталығында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов тұрғындарды жеке қабылдап, қордаланған мәселелердің түйінін тарқатты.
Киелі шаһардағы қабылдауға Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Ордабасы ауданынан арнайы келген азаматтардың қарасы қалың болды. Бұл — өңір халқының билікке деген сенімінің нышаны әрі әлі де болса шешімін күткен түйткілдердің бар екендігінің көрінісі. Жиында көтерілген мәселелердің өзегі — әлеуметтік ахуал. Тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй кезегі, баспана алудың заңды тетіктері мен коммуналдық қызмет сапасына қатысты шағымдарын жеткізді. Әсіресе, инфрақұрылымды дамыту, атап айтқанда, жеке зауытты үздіксіз электр қуатымен қамту, тозығы жеткен көпірлерді жөндеу және көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру мәселелері қызу талқыланды.
Қабылдау тек инфрақұрылымдық мәселелермен шектелген жоқ. Азаматтардың жеке тағдырына, атап айтқанда, денсаулық жағдайына байланысты өтініштер де аз болмады. Тұрғындар тарапынан шетелде ем алуға көмек көрсету туралы өтініштер айтылып, бұл мәселелердің заң шеңберінде шешілу жолдары қарастырылды. Зұлпыхар Жолдасов әрбір азаматтың уәжін мұқият тыңдап, кейбір жедел шешімді қажет ететін сауалдарға сол жерде жауап берді. Ал уақыт пен жан-жақты зерттеуді талап ететін өтініштер тиісті салалық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне жолданды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары кездесу соңында билік өкілдеріне нақты талап қойды. Өз сөзінде «Біздің мақсатымыз – арыз-шағымдарды тіркеп қана қою емес, олардың нақты шешілуіне қол жеткізу. Әрбір өтініш заң талаптарына сәйкес мұқият қаралып, тұрақты бақылауда болады. Халықтың мұң-мұқтажы кезең-кезеңімен шешілуі тиіс» деді Зұлпыхар Жолдасов.
Азаматтарды қабылдау орталығы — халық пен билік арасындағы алтын көпір. Түркістанда өткен бұл кездесу атқарушы биліктің ашықтығын және өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға деген ниетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өзекті мәселелердің орындалуы мен тиісті мекемелерге жүктелген тапсырмалардың нәтижесі алдағы уақытта тұрғындардың тұрмыс сапасынан көрінетін болады.




