АЛЮМИНИЙ ОРАМДАРЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысының индустриялық әлеуеті тағы бір ірі жобамен толықты. Төлеби ауданында алюминий орамдарын шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Бұл тек өңір үшін емес, еліміздің металлургия саласы үшін де серпінді жоба болмақ.
Еліміздің өңдеу өнеркәсібін дамыту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы орайда, Төлеби топырағында бой көтеретін жаңа кәсіпорын отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді. Жобаның ауқымы мен маңызына тоқталсақ, инвестициялық құны көңіл қуантады. «QAZCOILPRO» ЖШС тарапынан жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы құны 115 млрд теңгені құрайды. Бұл — аудан экономикасына құйылған қомақты капитал. Мамандардың пікірінше, зауыт толық қуатына қосылғанда, Қазақстандағы алюминий орамдарын өндіретін ең ірі орталықтардың біріне айналады.
Зауыттың жұмысы екі кезеңге жоспарланған. Бірінші кезеңде жылына 100 мың тонна өнім шығару, ал екінші кезеңде өндіріс көлемін 200 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Мұндай өндірістік қарқын ішкі нарықтың сұранысын өтеп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де еселей түспек. Кез келген ірі кәсіпорынның басты игілігі — халықты жұмыспен қамту. Бұл жоба аясында 250-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл — жергілікті тұрғындар үшін тұрақты табыс көзі және әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Құрылыс жұмыстарының басталу салтанатында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов жобаның стратегиялық маңызына тоқталды. Өз сөзінде «Жаңа өндіріс орны аудан экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді» деді аудан басшысы.
Зауыт Төлеби ауданының Киелітас ауылдық округінде бой көтереді. Жоспар бойынша, құрылыс жұмыстары 2026-2028 жылдар аралығында жүргізіліп, кәсіпорын 2028 жылы ресми түрде пайдалануға берілмек. Алюминий өңдеу саласындағы бұл қадам еліміздің шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығаруға көшу бағытындағы кезекті жеңісі болмақ. Төлебиліктердің тың бастамасы өңірді индустриялық орталыққа айналдыруға серпін берері анық.




