ТОЛЫҚ ЦИКЛДІ МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРІ ДАМУДА

Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту мен инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытындағы стратегиялық қадамдар жаңа белеске шықты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жобасын қолға алған инвесторлармен кездесіп, өңір экономикасының күретамырына айналатын мақта кластерінің бүгіні мен болашағын талқылады. Бұл — шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығаруға бағытталған жаһандық деңгейдегі жоба.
Кеңестік кезеңнен қалған «шикізат базасы» деген таңбадан арылу — бүгінгі Түркістан облысының басты мұраты. Осы мақсатта қолға алынған, жалпы құны 146,6 млрд теңгені құрайтын мақта агроөнеркәсіптік кешені өңірдегі ең ауқымды индустриялық бастама ретінде бағалануда. Бұл жобаның ерекшелігі – оның толық өндірістік циклді қамтуында. Яғни, мақта тек егіліп, тазаланып қана қоймайды, ол жіпке айналады, мата болып тоқылады, боялады және ең соңында дайын тігін бұйымы ретінде нарыққа жол тартады. Мұндай тұтас тізбек қосылған құн салығын еселеп, өңірдің табысын арттыруға мүмкіндік береді. Кешен құрамында мақта өңдеу зауыттарынан бөлек, ПВХ құбырларын шығаратын кәсіпорын, тамшылатып суару жүйелерінің өндірісі, жіп иіру, тоқыма және тігін фабрикалары жұмыс істемек.
Бүгінде Түркістан облысы су тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келіп отырғанда, бұл жобаның экологиялық тиімділігі жоғары. Су үнемдеу технологияларын, атап айтқанда тамшылатып суару жүйесін енгізу арқылы өнімділікті гектарына 60 центнерге дейін жеткізу көзделуде. Бұл дәстүрлі әдіспен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, құны 100,1 млрд теңгелік 5 ірі жоба сәтті пайдалануға беріліп, 1760 отандасымыз тұрақты жұмысқа орналасты. Ал Отырар ауданындағы 32 мың гектар алқапқа егілген мақта өңірдегі агросектор мен жеңіл өнеркәсіпке жаңа тыныс сыйлады. Биылғы жылдың соңына дейін құны 46,5 млрд теңгелік тағы 6 жобаны іске қосу жоспарланған.
Кездесуде облыс әкімі инвесторларды мазалаған басты түйткіл – жұмыс күшінің тапшылығына қатысты нақты шешімдерін ұсынды. Нұралхан Көшеров жергілікті колледж түлектерін өндіріске тартуды және мамандарды тегін оқытуға әкімдік тарапынан арнайы гранттар бөлуді тапсырды. «Біздің мақсатымыз – тек зауыт салу емес, сол зауытта еңбек ететін жергілікті білікті мамандар корпусын қалыптастыру. Мақсат – толық циклді мақта кластерін дамыту, отандық өнім көлемін ұлғайту. Келісілген жобалар толық жүзеге асуға тиіс» деді өңір басшысы. Инвестор тарапынан Қытайдың алпауыт «Zhongtai Group» компаниясының қатысуы жобаның халықаралық стандарттарға сай екенін айғақтайды.
Бүгінгі таңда Отырар ауданындағы мақта алқаптары 16 секторға бөлініп, жұмысшылардың жайлы тұрмысына барлық жағдай жасалған. 700-ден астам қызметкер үшін заманауи жатақханалар мен үш мезгіл ыстық тамақ берілетін асханалар жұмыс істеп тұр. Жоба толық қуатына көшкенде 4 мыңнан астам адам тұрақты табыс көзімен қамтылады. Бұл – мыңдаған отбасының әлеуметтік жағдайы түзеледі деген сөз. Түркістан облысының әкімдігі инвесторларға қол ұшын созып, кез келген әкімшілік кедергілерді жоюға уәде беріп отыр. Барлық инвестициялық жобалардың әкімнің жеке бақылауында болуы – серіктестіктің беріктігі мен мемлекеттік қолдаудың шынайылығын көрсетеді.
Түйіндей айтқанда, Түркістандағы мақта кластері – тек экономикалық жоба емес, бұл ауыл шаруашылығын индустрияландырудың жаңа үлгісі. Егер жоспарланған межелер орындалса, Түркістан облысы жақын жылдары Орталық Азиядағы тоқыма өнеркәсібінің хабына айналуы әбден мүмкін.




