АУЫЗ СУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық тапсырмасы бүгінде еліміздің әрбір өңірінде нақты істермен айшықталып, ұлттық басымдық деңгейінде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, демографиялық өсімі жоғары және су ресурстарына деген сұранысы ерекше Түркістан облысында бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей қадағалауындағы басты міндеттердің біріне айналды.

Бүгінде аймақтағы аудан және қала әкімдіктері инженерлік желілерді жаңғырту мен су инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай бейімдеу бағытында кешенді реформаларды бастап кетті. Бұл жұмыстардың ең маңызды қыры – тек ішкі ресурстарға ғана иек артпай, әлемдік деңгейдегі озық технологиялар мен халықаралық тәжірибені өндіріске енгізу. Осы ретте, Қазақстан мен Израиль мемлекеті арасындағы су шаруашылығын басқару саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі Ордабасы ауданында нақты көрініс тапты. Дүниежүзіндегі суды ең тиімді үнемдейтін және басқаратын алпауыттардың бірі – Израильдің «Mekorot» ұлттық су компаниясының мамандары Ордабасы топырағына келіп, өңірдегі ауызсу жүйелерінің техникалық ахуалын зерделеуге кірісті.
Израильдік сарапшылар аудандық «Таза су» мекемесінің басшылығымен өткен кездесуде қолданыстағы инфрақұрылымның әлсіз тұстары мен шығындарды азайтудың тетіктерін егжей-тегжейлі талқыға салды. Бұл тек техникалық тексеру ғана емес, сонымен бірге су ресурстарын цифрландыру, автоматтандыру және басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық диалогқа ұласты. Инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асырылып жатқан бұл бастама су тапшылығы сезілетін өңір үшін ауадай қажет. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, «Mekorot» компаниясының тәжірибесін жергілікті жағдайға бейімдеу арқылы суды заңсыз пайдалану мен құбырлардағы апаттық шығындарды бірнеше есеге азайтуға болады.
Түркістан облысындағы бұл жүйелі шаралар аймақтың ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін нығайтып, ауылдық жерлердегі халықтың тұрмыс сапасын түбегейлі жақсартуға бағытталған. Сапалы ауызсу – ұлт денсаулығының кепілі екенін ескерсек, Ордабасыда басталған бұл халықаралық жобаның нәтижесі алдағы уақытта бүкіл облыс бойынша үлгілі үрдіске айналмақ. Осылайша, мемлекеттік бағдарламалар мен сыртқы инвестициялық және технологиялық қолдаудың ұштасуы Түркістан өңірінде заманауи, тұрақты әрі тиімді су секторын қалыптастыруға жол ашып отыр.
Ендігі кезекте израильдік мамандардың ұсыныстары негізінде жасалатын нақты жоспарлар ауданның әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына соны серпін беріп, стратегиялық маңызы бар су секторын реформалау ісіндегі алғашқы сәтті қадамдардың бірі ретінде тарихта қалмақ. Түптеп келгенде, мұндай ауқымды жұмыстардың барлығы халықтың игілігі мен елдің ертеңгі тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған кешенді мемлекеттік саясаттың жемісі болып отыр.