МАҚСАТ – АЙЫППҰЛ ЕМЕС, АМАНДЫҚ…

Шымкенттің көшелері мен Түркістан облысының күре жолдарында соңғы күндері қатаң тексеру жұмыстары басталды. Себеп біреу – Ішкі істер министрлігі қолға алған «Қауіпсіз жол» атты республикалық жедел-алдын алу шаралары. Мегаполис пен оған іргелес өңірге патрульдік полицияның қосымша жасақтарының төгілуі жолдағы тәртіпті күшейтті. Тіпті, кей жүргізушілер арасында дәрілік қобдиша мен жилет іздеу үрдісі қарқын алды.
Бір қызығы, рейд басталғалы бері Шымкент пен Тараздың базарларында бұрын сұраныста аса бола бермейтін алғашқы көмек қобдишасы, өрт сөндіргіш пен авариялық белгілердің бағы жанып, бағасы ұшты. Сұраныстың күрт артуы бағаның да қалта қағатындай деңгейде өсуіне әкелді. Полицияның тексеруінен сескенген көлік иелері айыппұл арқаламас үшін дүкен сөрелерін босатып жатыр. Аңғарғанымыз, талапты сақтай бермейтін жүргізушілер көп. Тіпті, рейдтің бір күндік нәтижесінің өзі жаға ұстатарлық. Шымкенттің өзінде 1,5 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған. Құзырлы органдардың мұндай қатаң қадамы негізсіз емес. Көлік тізгініне мас күйде отыру, жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы жолаққа шығу секілді өрескел қателіктер талай тағдырды қиып, талай шаңырақты ортасына түсіріп жатыр. Сол себепті де министрлік Шымкент пен Түркістан облысына қосымша күштерді жұмылдырып, жолдағы жағдайды бақылауды еселей түскен.
Тексеру науқаны 26 сәуірге дейін жалғасады деп жоспарланған. Бірақ тәртіп сақшылары үшін бұл тек науқандық жұмыс емес, жүйелі профилактикалық шара болуы тиіс. Заң мен тәртіпке бағыну — жай ғана формалдылық емес, өзіңіз бен өзгенің өміріне деген жауапкершілік. Әрбір жүргізуші айыппұл төлемеу үшін емес, аман-есен үйіне жету үшін ереже сақтауы керек. Болып жатқан шара — сол қауіпсіздік жолындағы қажетті қадам. Сондықтан жолдағы сақтыққа салғырт қарамай, заңға сәйкес жүру – әрбір азаматтың басты міндеті.
С.НҰРАЙ.




