ПЕДАГОГТЕРДІ АТТЕСТАТТАУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛЕДІ?

Білім беру саласында мұғалімдерді артық қағазбастылық пен негізсіз жүктемеден арылтатын маңызды реформа басталды. Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте педагогтерді аттестаттау жүйесінің қайта қаралатынын айтты.
Осыған дейін қолданыста болып келген аттестаттау тетіктері мұғалімдерге ауыр жүк болып тигені жасырын емес. Тестілеуге дайындық, портфолио жинау және авторлық материалдар әзірлеу ұстаздың негізгі міндеті — сапалы білім беру ісіне кедергі келтіріп келді. Енді бұл жүйе түбегейлі өзгермек. Вице-министрдің айтуынша, бұдан былай педагогтің кәсіби деңгейі тест нәтижесімен емес, оның күнделікті жұмысы мен білім сапасына қосқан нақты үлесімен бағаланады. Ең басты жаңалық — мұғалімдер үшін міндетті пәндік тестілеу алынып тасталды. Бұл талап тек мамандыққа жаңадан келгендерге, жұмысын қайта бастағандарға және білім беру ұйымдарының басшыларына ғана қатысты сақталады.
Жаңа реформа аясында мұғалімдердің иығынан тағы бірнеше міндеттеме түспек. Енді аттестаттаудан өту үшін эссе жазу, ғылыми мақала жариялау немесе авторлық бағдарлама әзірлеу міндетті емес. Бұл қадам ұстаз еңбегін қағазбастылықтан арылтып, нақты нәтижеге бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бүкіл процесс цифрландырылады. Барлық рәсімдер «Ұстаз» платформасы арқылы жүзеге асып, құжат айналымы қысқарады. Бұл жүйенің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыратыны сөзсіз. Педагог мәртебесін көтеру тек аттестаттаумен шектелмейді. Мамандарды даярлау сапасы да назардан тыс қалған жоқ. Енді жоғары оқу орындарына қабылдауда тест нәтижесімен қатар арнайы емтихандарды қамтитын аралас бағалау моделі енгізілмек. Педагогикалық мамандықтарға қойылатын шекті балдың 75-ке дейін көтерілуі — салаға үздіктердің келуіне жол ашады.
Жаңа оқу жылынан бастап белгіленген талаптарды орындаған педагогтерге тиісті біліктілік санаты бойынша қосымша ақы төлене бастайды. Ал алғашқы тестілеуде шекті деңгейге жете алмағандарға қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Жаңартылған аттестаттау моделі алдымен пилоттық режимде енгізіліп, кейін кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Бұл реформа ұстаздың кәсіби еркіндігін арттырып, оның шығармашылық әлеуетін толық іске асыруға бағытталған маңызды қадам болмақ. Ел болашағы білімді ұрпақ десек, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздың жағдайының жасалуы мемлекеттің басты басымдығы болып қала бермек. Ал енді реформалардың қаншалықты нәтиже берері уақыттың еншісінде…
«Уақыт».




