«ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – МЕМЛЕКЕТТІГІМІЗДІҢ МЫЗҒЫМАС ІРГЕТАСЫ»

Қоғам дамуының әр кезеңі өзінің жаңа талаптарын алға тартады. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін басты міндеттердің бірі — әділетті, ашық және тиімді құқықтық жүйе қалыптастыру. Осы тұрғыда қабылданған конституциялық реформалар ел дамуының жаңа белесін айқындап берді. Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық іргетасы, ол тек заңдар жиынтығы емес, қоғамның даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат.
Соңғы реформалар мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтті. Бұл өзгерістер халықтың нақты сұранысына жауап беріп, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – билік пен қоғам арасындағы байланыстың нығаюы. Мәслихат депутаты ретінде айтар болсам, азаматтардың пікірін ескеру және олардың мемлекеттік шешімдерге қатысуын қамтамасыз ету – қазіргі заманғы демократияның негізгі қағидаты. Осы бағытта елімізде нақты қадамдар жасалып, азаматтық қоғам институттарының рөлі арта түсті. Реформалар билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етті. Парламенттің өкілеттіктері кеңейіп, оның мемлекеттік басқарудағы ықпалы күшейді. Бұл заң шығару процесінің сапасын арттырып, қабылданатын шешімдердің тиімділігін қамтамасыз етеді.
Жергілікті деңгейде де оң өзгерістер байқалады. Өңірлердің дербестігі артып, халықтың жергілікті мәселелерді шешуге қатысуы кеңейді. Мәслихаттардың өкілеттігінің күшеюі – жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажын жоғары мінберлерге жеткізудің төте жолы. Ендігі кезекте депутаттық корпус ашықтық пен есептілік қағидаттарын ұстанып, мемлекеттік органдардың қызметін қоғам алдында жария етуге мүдделі.
Адам құқықтарын қорғау – жаңа Конституцияның негізгі басымдықтарының бірі. Әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындалды. Жаңа Конституция жастар үшін де үлкен мүмкіндік ашып отыр. Олар елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып, өз көзқарастарын еркін білдіре алады. Әлеуметтік әділеттілік мәселесі де реформалардың өзегіне айналды. Тең мүмкіндік жасау, халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру – мемлекеттің басты міндеті.
Қорыта айтқанда, өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жаңа Конституция – еліміздің болашағына бағытталған стратегиялық шешім. Ол әділетті қоғам құруға, құқықтық мәдениетті дамытуға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге негіз болады. Әрбір азамат бұл өзгерістердің мәнін түсініп, оны қолдаса ғана біз нағыз «Әділетті Қазақстанды» құра аламыз.
Қайрат Есенбекұлы
ИМАШЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі.




