САЛЫҚ ПЕН КЕДЕНДІ ӘКІМШІЛЕНДІРУ ЖЕМІСІН БЕРУДЕ

Түркістан облысының биылғы бірінші тоқсандағы бюджеттік көрсеткіштері жоғары деңгейде. Өңірдегі экономикалық белсенділік пен мемлекеттік кірістер органдарының жүйелі жұмысы нәтижесінде қазынаға түсетін қаржы ағыны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жыл басынан бергі атқарылған ауқымды істерді қорытындылады.

Брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Сәуле Шырынбекова мәлім еткендей, 2026 жылдың І тоқсанында мемлекеттік бюджетке 248,5 млрд теңге түскен. Бұл — жоспардың 99,7 пайызға орындалғанын көрсетеді. Ең бастысы, өсім қарқыны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 119 пайызды құрап, қазына қоржынына қосымша 40 млрд теңге артық құйылған. Спикердің айтуынша, 2 млрд теңгеден астам қаражат қосымша кіріс көздерін анықтау арқылы өндірілді. Сонымен қатар цифрландыру саласында да ілгерілеушілік бар. Көрсетілген 500 мыңнан астам қызметтің 99 пайызы электронды форматқа көшірілген, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, ашықтықты қамтамасыз етеді.
Брифингтің екінші бөлімінде департаменттің тағы бір басқарма басшысы Айдос Құралбайұлы кедендік бақылаудың күшейтілгенін тілге тиек етті. Шекара бекеттерінде заңсыздықтарға қарсы тұру — басты басымдық. Жыл басынан бері тіркелген деректерге келсек, есірткі тасымалының 3 дерегі анықталып, жолы кесілді. Мұнай өнімдерін заңсыз әкетуге қатысты 29 жағдай тіркеліп, 9,6 тонна жанармай тәркіленді. 12 200 АҚШ долларын заңсыз шығару әрекеті әшкереленді. Өңірдегі транзиттік әлеуетті арттыру үшін кеден бекеттерін жаңғырту жұмыстары қарқынды. Қазірдің өзінде «Атамекен» мен «Бауыржан Қонысбаев» бекеттері жаңартылып, «Қапланбек» қайта іске қосылды. Ал облыстағы ең ірі өткізу пункттерінің бірі — «Жібек жолы» бекетін биылғы тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Түйіндей айтқанда, Түркістан облысының мемлекеттік кірістер саласы салықтық тәртіпті нығайту мен кедендік инфрақұрылымды жақсарту арқылы өңір экономикасының тұрақты дамуына зор үлес қосуда. Қазынаға түскен әрбір теңге — алдағы уақытта әлеуметтік нысандар мен жаңа жобалардың іске асуына кепілдік болмақ.