ЖӘРДЕМАҚЫҒА ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛТУ ҮШІН БІРҚАТАР ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Түркістан облысында әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санын азайтудың жаңа тетігі іске қосылды. Өңір басшылығы Цифрлық отбасы картасындағы «күрделі» санаттағы тұрғындарды «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсіпкерлікке тартуды көздеп отыр. Мақсат — жәрдемақыға телмірген емес, өз ісін дөңгелеткен орта тапты қалыптастыру.
Цифрлық отбасы картасы бүгінде қоғамның әлеуметтік айнасына айналды. Мұндағы «D» (жағдайы тұрақсыз) және «E» (шұғыл көмекті қажет ететіндер) санаттары — билік үшін де, қоғам үшін де ең маңызды бағыт. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өткізген арнайы мәжілісте дәл осы топтағы азаматтарды кедейлік қақпанынан шығару мәселесі талқыланды. Ресми деректерге сүйенсек, өңірде бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 36 888 адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалған. Алайда тек мемлекеттің бергенін місе тұту — мәселенің түпкілікті шешімі емес. Сондықтан облыс билігі әлеуметтік аз қамтылғандарды жаппай кәсіпкерлікке бағыттау алгоритмін ұсынып отыр. Мәжілісте айтылған ең өзекті мәселенің бірі — еңбекке қабілетті азаматтардың тұрақты жұмысқа ықылас танытпауы. Оның астарында «бұғатталған есепшоттар» мәселесі жатыр. Көптеген тұрғындардың банктер алдында берешегі бар. Ресми жұмысқа тұрса, табысы бірден несиеге кететіндіктен, олар күндік жалдамалы жұмысты жөн көреді. Осы орайда «Біз жұмыс істеуге қабілетті азаматтар үшін жеңілдетілген несиелер ұсыну, кәсіп жоспарын түзуге, құжаттарын заңдастыруға көмек беру бағыттарын айқындадық» деді Нұрбол Тұрашбеков.
Қазіргі таңда жергілікті билік банк өкілдерімен несие кестесін қайта қарастыру бойынша келіссөздерді бастап кетті. Бұл — қарыз қамытында жүргендерге берілген мүмкіндік. Бұл ретте «Ауыл аманаты» бағдарламасы нағыз құтқарушы тетікке айналуы тиіс. Өңірлік үйлестіруші Жандос Әзімбайдың айтуынша, бағдарлама тек ақша берумен шектелмейді. Мұндағы басты қағидалар — әр азаматтың ішкі әлеуеті мен дағдысын анықтау, құжаттарды заңдастыру мен бизнес-жоспар құруға көмектесу, несие алынғаннан кейін қаражаттың мақсатты жұмсалуын және табыс деңгейін бақылау. Яғни кешегі АӘК алушы бүгін өз кәсібін ашып, ертең айналасына жұмыс беретін жұмыс берушіге айналуы тиіс.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы бүгінде 4 жұмысшы топтың аудандарда зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Мұндағы басты мақсат — көмектің шынайы мұқтаждарға жетуін тексеру. Қорытсақ, Түркістан облысы жыл соңына дейін кедейлік деңгейін 2,7 пайызға төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл жай ғана көрсеткіш емес, бұл — мыңдаған отбасының тұрмысы түзеледі деген сөз. Алайда мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қадамдарға тұрғындардың да жауапкершілігі керек. «D» мен «E» санатынан шығу — тек статистиканы өзгерту емес, сананы өзгертуден басталатынын ұқсақ игі.




