ӨНІМДІ ШІРІТКЕН – ӨЛАРА САЯСАТ

тер төгіп, теңге таппаған диқандар
енді қайтпек?
Қазақстанның аграрлық секторы тағы да «баяғы жартас — сол жартас» күйін кешуде. Биылғы маусымда пияз бағасы құлдырап, тиынға айналды. Алайда бұл арзаншылық халықты қуантқанымен, маңдай терін төгіп өнім өсірген шаруаның бағын байлап отыр. Өйткені бүгінде қоймаларда тау боп үйіліп, шіріп жатқан пияздың иісі қолқаны қабатын деңгейге жеткен.
Күні кеше ғана бағасы шарықтап, «алтынға» баланған пияз бүгінде сұраусыз қалды. 31-арнаның хабарлауынша, қазір базардағы көтерме баға – небәрі 30 теңге. Бұл – бір келі тұқымның, жаққан жанармайдың, төгілген тердің құнын да өтемейтін күлкілі көрсеткіш. Шаруа Сырғабай Мерлисов сияқты азаматтардың жанайқайына құлақ түрсек, жағдайдың тым мүшкіл екенін аңғарамыз. Өнім бар, бірақ өткізетін нарық жоқ. Қоймада шіріген әр түйір пияз — шаруаның банк алдындағы берешегі мен келесі жылғы күдігі. Бұл жердегі басты мәселе — өнімнің артықтығында емес, сол өнімді ұқсата алмай отырған дәрменсіздігімізде. Тауарды экспортқа шығарудың тетігін таппаған, ішкі сауда желілеріне жол аша алмаған диқан не істеуі керек? Ол тек «өнімім шірімесе екен» деп тілеуден басқаға қауқарсыз.
Аграрлық сарапшы Кирилл Павлов айтқандай, бұл — Қазақстан үшін жаңалық емес, жыл сайын қайталанатын түйткіл. Біздегі ауыл шаруашылығы саясаты әлі күнге дейін соқыр тәуекелге сүйеніп келеді. Биыл баға қымбаттаса, келесі жылы бәрі жаппай пияз егеді. Соның салдарынан нарық шамадан тыс толып, баға құлдилап кетеді. Бұл — мемлекеттік деңгейдегі болжам мен реттеудің мүлдем жоқтығының айқын көрінісі. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі мен Көлік министрлігі бір үстел басына отырып, «қай өңір қанша егеді, оны кім, қайда тасиды?» деген қарапайым алгоритмді құра алмауы — үлкен сын. Үйлесімді жұмыс болмаған жерде, береке де болмайды. Диқан мен мемлекет арасындағы алтын көпір — логистика мен өткізу нарығы бүгінде үзіліп тұр.
Ең қорқыныштысы — бұл дағдарыстың ертеңі. Биыл шығынға батқан шаруа келесі жылы тәуекелге бармайды. Егіс алқаптары қысқарады, пияз егу тоқтайды. Ал бұл — келесі маусымда пияздың қайтадан дефицитке айналып, бағаның аспандап кетуіне әкелетін тікелей жол. Біз осылайша «арзан-қымбат» деген екі оттың ортасында шыр айналып, жүйелі шешім таба алмай келеміз. Сауда және интеграция министрлігі «бәсекеге қабілеттілік» туралы уәж айтады. Бірақ тұқымы қымбат, жанармайы от боп жанған, жұмыс күші жетпейтін шаруаға бәсеке туралы айту — аш адамға диета туралы дәріс оқығанмен бірдей…
Ж.БАЛАУСА.




