САН СОҒЫП ҚАЛМАҢЫЗ!

Бүгінгі таңда технологияның дамуымен бірге алаяқтықтың да айла-тәсілі түрленіп, тіпті ең сенімді деген «1414» мемлекеттік қызмет нөмірі де қаскөйлердің құралына айналып отыр. Алматы қалалық Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта азаматтардың ұялы телефонына осы нөмірден SMS-хабарлама жіберу арқылы жасалатын алаяқтық деректері жиілеген.
Мұндағы басты қауіп хабарламаның өзінде емес, одан кейін басталатын психологиялық шабуылда жатыр. Хабарлама арқылы код жіберген соң, алаяқтар бірден қоңырау шалып, өздерін банк, пошта, салық немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады. Олар «сіздің жеке деректеріңіз ұрланды» немесе «шоттарыңызға қауіп төніп тұр» деп үрей туғызып, шұғыл түрде күмәнді сілтемелерге өтуге немесе түрлі қосымшаларды орнатуға үгіттейді. Негізінде, 1414 нөмірінен келген код банктегі несиелерге тікелей жол ашпайды, өйткені екінші деңгейлі банктердің өздерінің көпсатылы қорғаныс жүйесі бар. Бірақ алаяқтардың басты мақсаты — адамды састырып, өз еркімен ақша аударту немесе құпия ақпаратты біліп алу.
Әсіресе, ақкөңіл әрі тез сенгіш егде жастағы қариялар бұл қаскөйлердің негізгі нысанына айналуда. Оларды «депозитіңіздегі қаражатты сақтандыру шотына аударыңыз» деп алдап, жиған-тергенін сыпырып алу, тіпті мүлкін сатуға немесе кепілге қоюға көндіру деректері де кездеседі. Қолма-қол ақшаны алаяқтар курьерлер арқылы иемденіп жатады. Бұдан бөлек, интернеттегі арзан тауарлар мен «көл-көсір табыс» уәде ететін жалған инвестициялық жобалар да халықты тығырыққа тіреуде. Алдын ала төлем алған соң «бизнесмендер» ізім-ғайым жоғалып кетеді. Сондай-ақ «туысыңыз жол апатына түсті» деп түн ішінде хабарласып, эмоционалды қысым көрсету арқылы ақша бопсалау әдісі де әлі қолданыстан қалмай тұр. Сондықтан тәртіп сақшылары ең басты қағиданы естен шығармауды ескертеді. Яғни мейлі ол өзін полиция немесе банк басшысы ретінде таныстырса да, жеке деректеріңізді, карта нөмірін және келген құпия кодтарды ешкімге айтпаңыз. Кез келген күмәнді ақпаратты ресми мекемелерге өзіңіз хабарласып, қайта тексерген абзал. Психологиялық айла-шарғыға алданбай, салқынқандылық таныту — мүлкіңіз бен қаражатыңыздың амандығының кепілі.




