МАҚТААРАЛ АУДАНЫ ІРІ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚҚА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Мақтаарал ауданы соңғы жылдары Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында ерекше қарқын көрсетіп, өңірдегі ірі индустриялық орталықтардың біріне айналып келеді. Ауданда өнеркәсіп өндірісінің артуы, инвестиция көлемінің ұлғаюы және жаңа кәсіпорындардың ашылуы экономиканы нығайтып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруде.

2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан экономикасы айтарлықтай өсім көрсетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 24,6 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 21,9 пайызға артты. Бұл көрсеткіш өндіріс саласының кеңейіп, кәсіпорындардың қуаты күшейіп жатқанын аңғартады. Сонымен қатар, ауданға 56,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспарланған межеден 5,4 млрд теңгеге артық орындалды. Мұндай жоғары нәтижелер ауданда жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың тиімділігін және жаңа өндірістердің ашылып жатқанын дәлелдейді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірге инвестиция тарту, өнеркәсіп орындарын көбейту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда, Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен бірқатар ауқымды жобалар қолға алынды. Өткен жылы «Агрогруз» ЖШС тарапынан бақша өнімдерін экспорттауға арналған бекет іске қосылса, «GOLDEN RICE» ЖШС күріш өңдеу зауытын пайдалануға берді. Сонымен бірге «BEGASH» ЖШС пластик трубалар өндіру жобасын жүзеге асырып, аудан өнеркәсібіне жаңа серпін қосты.
Биыл да өндіріс саласында тың бастамалар жалғасуда. Мақта тұқымын және мақта майын өңдеу зауыттары, темір-бетон және асфальт өндірістері, тігін фабрикасы, тоқыма цехы, күріш өңдеу және ет өнімдерін терең өңдеу зауыттары іске асырылуда. Бұл жобалар ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу әлеуетін күшейтіп, қосымша құнды арттыруға бағытталған. Мақтаарал ауданында жалпы аумағы 28,2 гектарды құрайтын индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда бұл аймаққа 5,16 млрд теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар инвесторлар үшін тағы 2,14 гектар бос жер қарастырылып отыр. Индустриалды аймақта бірқатар өндіріс орындары табысты қызмет атқаруда. Солардың ішінде жылына 65 мың тонна мақта талшығын өңдейтін «ZHANASSYL» ЖШС, асфальт және темірбетон өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, мақта өңдеу және асфальт зауыттары бар. Бұл кәсіпорындар жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып, аудан экономикасына елеулі үлес қосуда.
2025-2026 жылдары жүзеге асырылып жатқан жобалар да қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде жаңа асфальт зауытының құрылысы, пластик труба шығару, мақта тұқымын өңдеу және мақта талшығынан өнім өндіретін цехтардың құрылысы кезең-кезеңімен аяқталады деп жоспарланған. Бұл ауданның индустриялық әлеуетін одан әрі күшейтпек. Сонымен қатар Жамбыл ауылдық округінің аумағында 100 гектар жер телімі арнайы экономикалық аймақ ретінде белгіленген. Оның 50 гектары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту мақсатында «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығына берілді. Қалған аумақта жалпы құны 185,1 млрд теңгені құрайтын 7 ірі өндірістік жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 1200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жобалар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылады.
Жалпы Мақтаарал ауданында инвестициялық ахуал жақсарып, отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы аудан экономикасын әртараптандырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуде. Алдағы жылдары жүзеге асатын ірі жобалар Мақтааралды Түркістан облысының ғана емес, бүкіл елдің маңызды индустриялық орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.