100 ТУРИСТІК ОРЫН АНЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысында туризм мен сәулет саласын қатар дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы мен туризм басқармасы бірлесіп, өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның нәтижесінде аймақта 100 туристік орын анықталып, оларды дамыту мен инфрақұрылымын жетілдіру бойынша нақты қадамдар жасалуда.

Анықталған туристік орындардың қатарында табиғи және тарихи-мәдени нысандар бар. Мәселен, Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт жерасты үңгірі ерекше табиғи құрылым ретінде туристердің қызығушылығын тудырады. Қазығұрт ауданындағы «Кеме қалған» монументі де өңірдің танымал символдарының бірі саналады. Ал Түлкібас ауданындағы «Ақсу Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы Қазақстандағы ең көне қорықтардың бірі ретінде экотуризмді дамытуда маңызды орын алады. Сонымен қатар, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі — рухани және тарихи туризмнің басты орталықтарының бірі. Бұл туралы Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте кеңінен баяндады. Оның айтуынша, өңірде сәулеттік жобаларды қарау және қала құрылысы саласын жетілдіру мақсатында бірқатар маңызды жиындар өткізілген.
2025 жылы облыс әкімінің төрағалығымен «Сәулеттік жобалар бойынша» 10 мәжіліс ұйымдастырылып, жалпы 108 эскиздік жоба қаралған. Оның ішінде, 19 жоба Түркістан қаласының әкімдігі тарапынан ұсынылса, 57 жоба облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан жан-жақты зерделенген. Сонымен қатар құрылыс басқармасы мен жобалаушы мекемелер тарапынан 5 жоба қаралып, «Тұран» арнайы экономикалық аймағы» тарапынан 27 жоба ұсынылған. Бұл көрсеткіштер өңірде құрылыс, инфрақұрылым және сәулет саласында жоспарлы жұмыстардың қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді. Туристік орындарды дамыту үшін заманауи талаптарға сай сәулеттік шешімдер қабылдау, қалалардың көркін арттыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру басты міндеттердің бірі болып отыр.
Айта кету керек, Түркістан облысының аумағында жалпы 801 елді мекен бар. Соның ішінде 794 елді мекен бас жоспармен қамтылған. Қалған 7 елді мекеннің бас жоспарларын әзірлеу жұмыстары 2025 жылға жоспарланып, аудан және қала әкімдіктері тарапынан жүргізілуде. Ал 2026 жылы бұл жұмыстар толық аяқталып, облыс елді мекендерін бас жоспармен қамту деңгейі 100 пайызға жеткізілмек. Жалпы, Түркістан облысында туристік әлеуетті арттыру мен сәулеттік келбетті жақсарту бағытындағы жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде. Туристік орындардың анықталуы, жаңа жобалардың қаралуы және елді мекендерді жоспарлау ісінің жүйеленуі — облыстың болашақтағы өркендеуінің маңызды негізі болып табылады.