ЖАС ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Түркістан облысында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіндегі ең өзекті бағыттардың біріне айналып отыр. Осыған орай, Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» кешенінде облыстық прокуратураның бастамасымен және облыс әкімдігі мен полиция департаментінің қолдауымен «Жас ұрпақ — ел болашағы» атты ауқымды форум өтті.
Іс-шараға білім беру саласының 1000-нан астам өкілі, мектеп психологтары, аудан-қала әкімдері мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Бұл форум өңірдегі балалардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын сақтау және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мәселелерін жан-жақты талқылауға арналған маңызды алаң болды. Форум барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, полиция департаментінің бастығы Арыстанғали Заппаров және Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов мазмұнды баяндамалар жасап, бала құқығын қорғау мен өскелең ұрпаққа қолайлы орта қалыптастырудың маңызын атап өтті. Әсіресе облыс әкімі баланың қауіпсіздігі – қоғам үшін ең үлкен құндылық екенін ерекше атап, бұл мәселе тек бір саланың емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін жеткізді.
Нұралхан Көшеров өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында балалар мен жастарды қолдау мәселесіне арнайы тоқталғанын еске салды. Президенттің «Біз өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне барынша жағдай жасаймыз» деген пікірі өңір үшін нақты бағдар ғана емес, үлкен жауапкершілік екенін айтты. Облыс әкімінің дерегінше, Түркістан өңірінде 900 мыңнан астам бала өсіп келеді. Бұл – әрқайсысы бір отбасының үміті, елдің келешегі. Сондықтан баланы қорғау ата-ана, мектеп, медицина, полиция, прокуратура және жалпы қоғам болып жұмылатын ортақ міндетке айналуы тиіс. Осы бағытта өңірде нақты қадамдар жасалып, психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жүйелі инфрақұрылым қалыптаса бастаған. Атап айтқанда, Психологиялық қолдау орталығы ашылып, барлық білім беру ұйымдарына «111-QR қызметі» енгізілген. Бұл балалардың қиын жағдайда жедел көмек алуына мүмкіндік беретін маңызды құрал ретінде бағалануда.
Сонымен қатар педагог-психологтардың кәсіби әлеуетін көтеру де басым бағыттардың біріне айналған. 2024-2025 жылдары 2000-нан астам маман біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, жаңа әдістемелер мен тәжірибелерді меңгерген. Бұл – мектептердегі психологиялық қызметтің сапасын күшейтіп, балаларға қолдау көрсету мүмкіндігін арттырады. Форумның негізгі мақсаты жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын қорғау, суицидтің алдын алу және білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру бойынша тиімді тәсілдер алмасу болды. Іс-шара барысында облыстың барлық аудан-қалаларынан жиналған мектеп психологтарына тәжірибелі спикерлер кәсіби кеңестер беріп, қиын жағдайдағы балалармен жұмыс жүргізудің заманауи жолдарын түсіндірді. Бұл форум психолог мамандар үшін тәжірибе алмасудың, кәсіби дамудың маңызды мүмкіндігіне айналды.
Облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев өз сөзінде балалардың қоғамдағы ең үлкен байлық екенін атап өтіп, құқық қорғау органдарының басты мақсаты — әрбір баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне кепілдік беру екенін айтты. Оның пікірінше, қоғамда қатігездік емес, мейірім мен өзара қолдау үстемдік құруы тиіс. Бұл — тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Форум аясында балалармен жұмыс істейтін мамандардың еңбегі де ерекше бағаланды. Облыс әкімі мен прокуроры үздік 10 мектеп психологын алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттап, олардың жас ұрпақтың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Бұл қадам психолог мамандардың қоғамдағы беделін арттырып, олардың еңбегін ынталандыруға бағытталған.
Жалпы алғанда, Түркістанда өткен «Жас ұрпақ — ел болашағы» форумы балалардың құқықтарын қорғау, психологиялық денсаулығын сақтау және қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелерін кешенді түрде қарастырудың үлгісіне айналды. Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі – мемлекеттің де, қоғамның да ең басты міндеті. Сондықтан мұндай форумдар тәжірибе алмасып қана қоймай, нақты шешімдер қабылдауға, балалардың өмір сапасын жақсартуға және олардың еркін әрі қауіпсіз дамуына жағдай жасауға ықпал ететін маңызды қадам болып табылады.




