ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДАҒЫ СОҢҒЫ КӨРСЕТКІШТЕР НЕНІ МЕҢЗЕЙДІ?

2025 жылғы желтоқсан айындағы Қазақстандағы еңбек нарығы құбылуымен ерекшеленді. Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) жарияланған мәліметтер жыл соңында жұмыс берушілердің кадрға деген сұранысы күрт артқанын, ал жұмыс іздеушілер белсенділігінің керісінше төмендегенін көрсетті. Бұл үрдіс маусымдық факторлармен қатар, экономиканың бірқатар базалық салаларындағы тұрақты кадр тапшылығын айқын аңғартады.

Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылғы желтоқсанда жұмыс берушілер ЭЕБ алаңында 109,6 мың бос жұмыс орнын орналастырған. Ал жұмыс іздеушілер тарапынан бар болғаны 71,5 мың түйіндеме жарияланған. Қараша айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 8,4 пайызға немесе 8,5 мың бірлікке артса, түйіндемелер саны бір айда бірден 29,4 пайызға, яғни 29,8 мыңға қысқарған. Нәтижесінде еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық айтарлықтай ұлғайып, бос жұмыс орындарының саны түйіндемелерден шамамен 38 мыңға артық болды. Бұл жағдай жұмыс берушілердің кадр тапшылығын сезініп отырғанын, ал көптеген азаматтардың жұмыс іздеу белсенділігін жаңа жылдың басына қарай төмендеткенін көрсетеді. Әсіресе, жыл соңына тән демалыс кезеңі мен мерекелік үзілістер еңбек нарығындағы осындай теңсіздікке ықпал еткен.
Салалық құрылымға тоқталсақ, сұраныс бұрынғыдай әлеуметтік және базалық бағыттарда шоғырланды. Ең көп бос жұмыс орны білім беру саласында тіркеліп, 23,3 мыңды құрады. Бұл барлық жарияланған бос орындардың 21,3 пайызына тең. Осыған шамалас көрсеткіш өзге қызмет түрлеріне тиесілі болып, аталған санатта 23,2 мың бос жұмыс орны немесе 21,2 пайыз тіркелді. Үшінші ірі бағыт – ауыл, орман және балық шаруашылығы саласы. Мұнда 18,7 мың бос жұмыс орны жарияланып, жалпы көлемнің 17,1 пайызын қамтыды. Аталған үш сала желтоқсандағы барлық бос жұмыс орындарының шамамен 60 пайызын құрап, экономиканың әлеуметтік тұрақтылығы үшін маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сонымен қатар кадрға деген сұраныс денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында да сақталды. Бұл бағытта 7,2 мың бос жұмыс орны ұсынылды. Өңдеуші өнеркәсіпте 6,2 мың, көтерме және бөлшек саудада 6,1 мың, ал құрылыс саласында 3,8 мың бос жұмыс орны тіркелді. Бұл деректер жұмыс берушілердің жыл соңына қарамастан экономиканың негізгі салалары үшін қызметкерлерді белсенді іздеуді жалғастырғанын көрсетеді. Ал жұмыс іздеушілер тарапынан ең жоғары белсенділік әлеуметтік және кеңселік бағыттағы мамандықтарда байқалды. Желтоқсанда ең жиі жарияланған түйіндемелер бухгалтерлерге тиесілі болды – 1 463. Одан кейін медициналық мейірбикелер – 1 181 және заңгерлер – 1 132 түйіндемемен алдыңғы қатарға шықты. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс құрылымының бір-біріне толық сәйкес келе бермейтінін аңғартады.
Гендерлік тұрғыдан алғанда, жұмыс іздеушілер белсенділігі салыстырмалы түрде тең деңгейде қалыптасты. Түйіндемелердің 52,1 пайызын әйелдер, 47,9 пайызын ер адамдар орналастырған. Әйелдер негізінен білім беру, денсаулық сақтау және бухгалтерия салаларында жұмыс іздесе, ер адамдар техникалық және басқарушылық бағыттарға көбірек қызығушылық танытқан. Жас ерекшелігі бойынша талдау да маңызды үрдістерді көрсетті. Желтоқсанда түйіндемелердің негізгі бөлігі 35 жасқа дейінгі жастарға тиесілі болды. Бұл барлық жұмыс іздеушілердің 40,8 пайызы, оның ішінде 24 жасқа дейінгі жастардың үлесі 15,2 пайызды құрады. 35-44 жас аралығындағы азаматтар 29,9 пайызды, 45-54 жас санаты 19,1 пайызды иеленсе, 55 жастан асқан жұмыс іздеушілердің үлесі 10,2 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл деректер жастардың еңбек нарығындағы үлесі жоғары екенін, алайда орта жастағы тәжірибелі кадрлардың да белсенділігін сақтап отырғанын көрсетеді.
Жалақы ұсыныстары мен күтімдері арасындағы айырмашылық та назар аударарлық. Желтоқсанда бос жұмыс орындары бойынша ең жоғары жалақы өндіріс басшысы лауазымына ұсынылып, шамамен 1,8 млн теңгені құрады. Кеніш директоры мен инженер-химик қызметтеріне шамамен 1 млн теңге деңгейінде жалақы ұсынылған. Ал жұмыс іздеушілер тарапынан ең жоғары жалақы күтімі агроном-энтомологтардың түйіндемелерінде көрсетіліп, шамамен 3,4 млн теңгеге жеткен. Сонымен қатар стюардессалар 3,3 млн теңге, компьютерлік жабдықты монтаждаушылар 2,7 млн теңге көлемінде жалақы күтетінін көрсеткен.
Жалпы алғанда, 2025 жылғы желтоқсан айындағы ЭЕБ деректері еңбек нарығында сұраныстың өскенін, ал ұсыныстың айтарлықтай төмендегенін айқын көрсетті. Бұл жағдай жыл соңына тән маусымдық құбылыс ретінде бағаланып отыр. Жұмыс берушілер, әсіресе әлеуметтік салада, қызмет көрсету мен ауыл шаруашылығында кадр іздеуді тоқтатпаса, көптеген жұмыс іздеушілер еңбек нарығына белсенді түрде 2026 жылдың басында оралады деп күтілуде. Осылайша, алдағы айларда жұмыс күші сұранысы мен ұсынысы арасындағы тепе-теңдік біртіндеп қалпына келеді деген болжам жасауға негіз бар.