2026 ЖЫЛЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ АРТАДЫ?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік төлемдер жүйесінде елеулі өзгерістер енгізіледі. Бұл өзгерістер «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда көзделген және зейнеткерлерді, мүгедектігі бар азаматтарды, көпбалалы отбасыларды сондай-ақ әлеуметтік осал санаттарды қамтиды.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Дәмежан Сәдуақасованың мәлімдеуінше, алдағы жылы әлеуметтік төлемдердің басым бөлігі негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсуіне тікелей байланысты қайта есептеледі.
Ең алдымен, әлеуметтік төлемдерге тікелей әсер ететін базалық көрсеткіштерге тоқталу қажет. 2026 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болып бекітіледі. Бұл көрсеткіш көптеген жәрдемақыларды, біржолғы төлемдерді және өтемақыларды есептеу кезінде қолданылады. Сонымен қатар ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгеге дейін өседі. Аталған көрсеткіш әлеуметтік төлемдердің, әсіресе базалық зейнетақы мен мүгедектікке байланысты жәрдемақылардың мөлшерін айқындауда шешуші рөл атқарады. Зейнетақы жүйесіндегі негізгі жаңалықтардың бірі — ең төменгі зейнетақының 69 049 теңге көлемінде белгіленуі. Бұдан бөлек, ең төменгі жалақы 85 000 теңге болады. Бұл еңбек нарығы мен әлеуметтік саясат арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған қадам ретінде қарастырылады.
2026 жылдан бастап жасы бойынша және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақылар 10 пайызға артады. Бұл барлық зейнеткерлерге бірдей қолданылады. Сонымен қатар жаңадан тағайындалатын жасына байланысты зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары табыс мөлшері 55 АЕК, яғни 237 875 теңге деңгейінде белгіленді. Бұл шектеу зейнетақыны есептеу кезінде қолданылатын табыс көлемін нақтылайды. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі Әлеуметтік кодекстің 205-бабына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейіне пайыздық қатынаста есептеледі. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде тағайындалады. Ал зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан асқан жағдайда, әрбір толық жыл үшін төлем 2 пайызға өседі. Дегенмен базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 118 пайызынан аспайды. Осыған сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының максималды мөлшері 60 005 теңгені құрайды.
Әлеуметтік саясаттағы маңызды бағыттардың бірі – мүгедектігі бар азаматтарды қолдау. 2026 жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар да ұлғаяды. Атап айтқанда, І топтағы мүгедектігі бар адамдарға төленетін жәрдемақы 111 873 теңге болады. ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін жәрдемақы мөлшері 89 498 теңгеге, ал ІІІ топ үшін 61 022 теңгеге дейін өседі. Бұл төлемдер медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын және түзеу мекемелеріндегі адамдарға да қолданылады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлемдер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 пайызға артады. Бұл жұмыс істейтін азаматтар үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесінің маңызын арттырып, күтпеген жағдайлар кезінде табыстың бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты қайта қаралады. Бұл жәрдемақылар белгілі бір еңбек жағдайында жұмыс істеген азаматтарға немесе кәсіби ерекшеліктеріне байланысты тағайындалады. Айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюы бірқатар әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың автоматты түрде өсуіне әкеледі. Олардың қатарында №1 және №2 тізімдер бойынша тағайындалатын мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, жерлеуге берілетін біржолғы төлем, бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы бар. Сондай-ақ, бала 1,5 жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы және осы кезеңде кірісінен айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер де өседі.
Көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалмайды. Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар, оның ішінде 18 жастан асқанымен білім беру ұйымдарында оқитын балалары бар отбасыларға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері артады. Сонымен қатар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алған және І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақылар да қайта есептеледі. АЕК мөлшерінің өсуі Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарға, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына және олардың балаларына тағайындалған, бірақ бұрын төленбеген бірреттік ақшалай өтемақылардың да мөлшеріне әсер етеді. Сонымен қатар, ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыларға, қорғаншылар мен қамқоршыларға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де көтеріледі. І топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлғаларға берілетін жәрдемақылар да осы көрсеткішке сәйкес өседі.
Жалпы алғанда, 2026 жылдан бастап енгізілетін өзгерістер әлеуметтік төлемдер жүйесін экономикалық жағдайға бейімдеуге және халықтың әртүрлі санаттарын қамтитын қолдау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Зейнетақыдан бастап балаларға арналған жәрдемақыларға дейінгі төлемдердің өсуі азаматтардың күнделікті шығындарын өтеуге және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.




