ЖОЛДА ЖҮРУ МӘДЕНИЕТІ: БҮГІНГІ МӘСЕЛЕ, ЕРТЕҢГІ ТАҒДЫР

Қара жолдағы қауіпсіздікті сақтаудың маңызы зор. Соған орай, Түркістан облысында «Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік» деген тақырыпта форум өткен еді. Бұл жиынға әкімдік пен құқық қорғау, прокуратура өкілдерімен бірге, қоғамдық көлік жүргізушілері, студенттер арнайы шақырылған болатын. Аймақтағы барлық өзекті мәселелерді қоғам болып бірігіп талқылау – бізде қалыпты дәстүрге айналғанынан көпшілік жақсы хабардар. Мұндағы мақсат — бүкіл қоғамды алаңдатып отырған жол қауіпсіздігі мәселесін көп болып бірге талқылау, түйткілдің шешімін табу.

Ел мен елді, ауыл мен ауылды жалғайтын да, байланыстыратын да — жол. Алайда осы қара жол соңғы жылдары қайғының ошағына айналып барады. Жол апаттарының көбеюінен қаншама отбасы қара жамылып, қаншама жан зардап шегіп жүр.
Сөзіміз негізді болу үшін статистиканы сөйлетіп көрейік. Мәселен, 2023-2025 жылдары облыста 3 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 4 103 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алса, 825 адам мезгілсіз көз жұмған. Зерттеулер көрсеткендей мұндай апаттардың басым көпшілігі аудандық маңызы бар жолдарда (187), елді-мекендерде (159), республикалық (127), облыстық маңызы жолдарда орын алған (51).
Осындағы әрбір санның артында адам тағдыры тұр. Сондықтан жолдағы апаттарға бейжай қарауға болмайды. Себебі қара жолдың құрбаны болғандар бәрімізге бөтен емес, біріміздің жақынымыз, біріміздің танысымыз, әріптес, көршіміз. Апаттан кейін жарымжан болып, өзгелердің көмегіне мұқтаж болып қалғандар да күнделікті өмірде өзімізбен иық тіресіп қатар жүрген адамдар.
Олар да біз секілді ертеңгі күніне жоспар құрды, алдына үлкен мақсат қойып, арманына жетуге асықты. Ал бір жауапсыз жүргізушінің кесірінен арманы аяқасты болған жандардың сұрауы кімнен? Қауіпсіздікті ескермеген бір жүргізушінің қателігінен талай отбасы тіреуінен ажырап, талай бала қорғансыз, қамқоршысыз қалып жатыр. Жол апаты мәселесін көтергенде біз осы жағына тереңірек көңіл бөлуіміз керек. Әрі жолдағы жүргізушіге де, жүргіншіге де ой салып, қара жолдың қатені кешірмейтінін ескертіп отыру міндетіміз.
Тәжірибеден түйгеніміз, өңірдегі жол апатының туындауына жүргізушілердің көлікті жоғары жылдамдықпен басқарып, қарама-қарсы беттегі көлікпен соқтығысуы (270), жаяу жүргіншілерді қағуы (188), көлікті игере алмай аударылуы (185) себеп болып отыр. Ал оның түпкі тамыры – құқықтық мәдениеттің, көлік жүргізу мәдениетінің кемдігіне, жауапсыздыққа байланысты.
Тәуелсіздік алғалы зайырлы, құқықтық мемлекет құруға батыл қадам жасаған елде жолда жүру мәдениетін әлі күнге орнықтыра алмай келеміз. Тұрғындар жол ережесін сақтаудың қарапайым әліппесін білмейді немесе сақтағысы келмейді. Айталық, көлікке мінсе, өзін әлемнің тұтқасын ұстап отырғандай сезінетіндер бар. Жылдамдықты асырып, жол бермейтіндер де, біреу байқаусызда алдын қиып кетсе, көліктің соңынан қуып жетіп былапыт сөз айтып, жаға жыртысып, апаттық жағдай туғызатындар да солар. Мұндай жүргізушілерде «Жол — ортақ, бәріне түсіністікпен, кешіріммен қарау керек» деген ой жоқ. Міне, осындай тоғышарлық түбі жол апатына алып келеді. Сондықтан әрбір отбасы көлік барлықтың, байлықтың белгісі емес, күнделікті қажеттілік құралы екенін ұл-қызының санасына құйып өсіргені жөн. Расында көлікті дұрыс пайдалансақ — игілік, бұрыс қолдансақ — қиындық.
Көлік мінуді өзгелерден ерекшеленудің, өзіңді артық көрсетудің мүмкіндігі деп ойлау — сананың төмендігі. Сондай адамдар баласы 18-ге тола салса, жүргізуші куәлігін әперіп жатады. Мысалы, биыл облыста 17 349 адам куәлік алса, соның 10 пайызы 18 жасқа тола салып куәлікке ие болған екен.
Жүргізуші куәлігінің болғаны жақсы. Бірақ жол қауіпсіздігінің жауаптылығын сезінбеген, жолда жүру мәдениетін жетік үйренбеген балаға куәлік беру – өз жақыныңның басын қауіп-қатерге тіккенмен бірдей. Өмірін енді бастаған жастардың жол апатында мезгілсіз көз жұмуы – ең әуелі оларды ақылға салмаудың, керек кезінде тыйып отырмаудың салдары. Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін автомектептердің жұмысын қадағалап отыру маңызды. Автомектептер тек жол ережесін үйретіп, көлікті жүргізудің әдіс-тәсілін меңгертумен шектелмей, жолда жүру мәдениетін, жолдағы жауаптылықты, қауіпсіздік қағидаларын оқытқаны абзал.
Мәселен, Түркістан облысы бойынша жүргізушілерді дайындайтын жалпы 35 автомектеп бар. Олардың жұмысы тек ақпарат берумен шектеледі. Бар болғаны қызметін бастағаны жөнінде Халыққа қызмет көрсету орталығына хабарлама береді. Бұл мектептер арнайы бір жерге барып тіркелмейді, тек «Автомектеп» ақпараттық жүйесінде дерегі шығып тұрады. Ал не оқытып жатқаны, болашақ жүргізушілердің санасын оятатын, жауаптылығын арттыратын қандай дәрістер қарастырылғаны, оларға кімдердің сабақ беретіні белгісіз. Жол апатының алдын алу үшін біз осы мектептерге де көңіл бөлуіміз керек.
Осы ретте мына бір ұсынысты қоғам болып талқыласақ, артық болмайды. Қазір жастардың бәрі жүргізуші куәлігін алуға ұмтылады. Сұраныс жоғары болған соң, автомектептердегі оқу құны да арзан емес. Ал бұрын тракторшы, шопыр секілді мамандықтарды мектеп қабырғасында, жоғары сынып оқушыларына оқытатын. Еңбек сабағы осылайша балалардың қосымша мамандық алып шығуына мүмкіндік беретін. Дәл осы тәжірибені жаңғыртсақ ұтымды болар еді.
Біріншіден, бұл еңбек сабағының беделін көтереді. Оқушылар еңбек сабағына үлкен қызығушылықпен, ынтамен қарайды.
Екіншіден, балалардың мектептегі уақытын тиімді пайдаланып, қосымша кәсіп меңгеруіне жол ашылады.
Үшіншіден, сабақ тегін болғандықтан, ата-ананың да, баланың да қаржысы үнемделеді.
Төртіншіден, мектепте жүргізуші куәлігін алған немесе өз қалауы бойынша заманауи курстарды оқыған балалар жаман әдетке дағдыланбай, өз ақшасын өзі табуға қол жеткізеді.
Әрине, бұл автомектептерді толық жауып тастау деген сөз емес. Тек жүргізушілікті мектеп бағдарламасына енгізген жағдайда дәрістердің қалай ұйымдастырылатынын, өтетінін бақылау оңай болар еді. Автомектептерді бақылау, жүргізуші куәлігін алудың жауаптылығын арттыру – жол апаттарының алдын алудың бір тетігі.
Жалпы, жол қауіпсіздігін сақтауды құзырлы органдардың міндеті деп үстірт қарау дұрыс емес. Жолдағы апаттың алдын алу – қоғамдағы әрбір азаматтың түсінігіне, мәдениетіне байланысты.
Мысалы, әлемде Ұлыбритания жолда қаза болғандардың саны бойынша ең төменгі орында. Бұл елде көлік рөлінде отырып телефон қарамақ түгілі, тамақ ішуге, темекі шегуге де болмайды. Ал АҚШ-та ұялы телефон ұстап, техниканы тізгіндеуге тыйым салынған. Тұрғындар осы ережеге бағынғандықтан, апат аз. Яғни жүргізушілер мен жүргіншілер тәртіп сақтаса, апат та орын алмас еді.
Әрине, бұл жауаптылықты қоғамға итеру дегенді білдірмесе керек. Бүгінде әкімдік те, полиция департаменті мен прокуратура да жол апаттарының алдын алу, жол қауіпсіздігін сақтау бойынша кешенді жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келеді. Мысалы, Түркістан облысының прокуратурасында өңірдегі жол-көлік оқиғаларының жағдайы мен себептерін талқылау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен тұрақты түрде кеңес өткізіліп тұрады. Бұл мәселе облыс әкімдігі алаңында да қаралып, жолдардағы жағдайды жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірленген болатын.
Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша облыс аумағында жолдардағы 160-қа жуық осал нүкте, яғни «апатты учаскелер» анықталды. Жауапты тұлғалармен бірге осы «апатты учаскелерді» аралап, жол-көлік оқиғаларының себептері мен жағдайларын талдау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Сонымен қатар бір жыл ішінде 5-тен 90-ға дейін қайталама әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 2437 автокөлік жүргізушісіне қатысты профилактикалық түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру қала және аудан прокурорларына міндеттелген болатын. Былай қарасаңыз, жол ережесін бұзғандар аз айыппұл төлемейді. Бірақ тәжірибе көрсеткендей ортақ тәртіпке бағынбайтындарды жоғары айыппұл да тоқтата алмайтын боп тұр. Соған қарамастан біз түсіндіру, сақтандыру шараларын бір сәт те назардан тыс қалдырмаймыз.
Полиция органдарына да апаттылық қаупі жоғары жерлерде патрульдік қызметті күшейту туралы нұсқау берілген. Бұған қоса жол апатының алдын алу мақсатында жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу және пайдалану мәселесі қаралуда.
«Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» дегенді Майқы би бабамыз осыдан үш ғасыр бұрын айтқан екен. Не деген көрегендік. Соңғы уақыттардағы жан түршігерлік апаттарды қарап отырып атақты бидің даналық сөзі ақиқатқа айналған ба деп ойлайсың. Осы ретте «Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік» деген тақырыпты талқыға салған форум қатысушыларға ой салып, санаға сілкініс тудырғанына сенімдіміз.
Жолдағы қауіпсіздік – өте маңызды мәселе. Бір ғана қателік өз өміріңізге ғана емес, өзге отбасыларға да ауыр қайғы әкелуі мүмкін. Сондықтан әр азамат қауіпсіздіктің алдын алу керек.
Мемлекет үшін әр тұрғынның орны бөлек. Соған орай өз өмірлеріңізге бейқам қарамаңыздар! Жол апаттарының алдын алу – бәрімізге ортақ міндет. Қара жолдағы бір сәттік қателіктің бірнеше жанның тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін екенін ұмытпаңыздар. Асығыс қадам алысқа жеткізбейді. Арманыңызға аман жету үшін жолда абай болыңыздар!

Мұрат Тлеубердиев,
Түркістан облысының прокуроры.