ЖЕМҚОРЛАРДАН ҚАЙТАРЫЛҒАН ҚАРЖЫҒА 77 МЕКТЕП САЛЫНДЫ

Қазақстан үшін сапалы білім беру инфрақұрылымын қалыптастыру — ұлттық дамудың ұзақмерзімді стратегиялық басымдығы. Соңғы жылдары мемлекет мектеп тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешуге бағытталған жаңа тәсілдер енгізіп келеді. Соның ең маңыздысы — сыбайлас жемқорлықпен иеленген мүлікті тәркілеуден түскен қаражатты білім беру саласына бағыттау. Бұл тек әділеттіліктің қалпына келуін қамтамасыз етіп қоймай, ел болашағы саналатын балаларға нақты пайда әкелетін механизмге айналып отыр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, дәл осы механизм арқасында бүгінде 86 мыңнан астам оқушыға арналған білім ордалары бой көтерген. Бұл — ондаған мың баланың үш ауысымда оқу немесе алыс мектепке қатынау секілді қиындықтардан құтылғанын білдіреді. Материалдық-техникалық базаны жақсарту, үлгілік заманауи ғимараттар салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту — барлығы осы қор қаржысының есебінен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры ерекше қаржыландыру моделіне ие. Қорға түсетін қаражат — жемқорлық істерінен тәркіленген активтер. Осылайша, елге келтірілген зиян қоғамға қайта қайтарылып, ең маңызды бағыт — балалардың білім алуына жұмсалып жатыр. Бұл модель мемлекет қаржысын үнемдеуге де, жемқорлықпен күрестің нәтижесін нақты көрсетуде де тиімді. Қор жұмысының негізгі мақсаты – мектептердегі орын тапшылығын азайту, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешу. Қор қаражатынан жаңа мектептер салу, ескі ғимараттарды кеңейту немесе жаңғырту, жапсарлас құрылыс жүргізу жүйелі түрде қолға алынған.
Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Мақсұтовтың айтуынша, қазіргі таңда елімізде 86 мыңнан астам оқушыға арналған 77 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Бұл мектептердің басым бөлігі халық тығыз орналасқан өңірлерде орналасқан. Олардың қатарында Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Астана қаласы бар. Бұл өңірлер соңғы жылдары демографиялық өсім және урбанизация қарқыны бойынша алдыңғы қатарда тұр. Сондықтан инфрақұрылымдық қысым да жоғары. Жаңа мектептердің ашылуы тұрғындар үшін үлкен әлеуметтік жеңілдік әкелуде. Жаңа мектептер заманауи стандарттарға сай салынған. Кабинеттер толық жабдықталған, қауіпсіздік талаптары күшейтілген, инклюзивті білім беру талаптарына бейімделген. Бұл — тек орын тапшылығын шешу емес, сапалы орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қор қаражаты есебінен жалпы сыйымдылығы шамамен 100 мың оқушыға арналған 89 мектептің құрылысы қаржыландырылған. Бұл — алдағы екі-үш жылда іске қосылатын жаңа нысандардың саны. Яғни қазіргі нәтижелер — бастаманың алғашқы кезеңі ғана. Қор жұмысы жалғасқан сайын мектеп тапшылығы мәселесінің шешімі жылдамдайды. Құрылыстардың уақтылы аяқталуы бақылауда, ал жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жоспарлау білім беру инфрақұрылымын жүйелі жаңартуға мүмкіндік береді. Ескере кетерлік жайт, жаңа мектептердің көпшілігі ауылдар мен қала маңындағы аймақтарда салынуда. Бұл урбанизация салдарын азайтып, өңірлік теңгерімділікті сақтауға мүмкіндік береді.
100 мыңға жуық оқушы орнын қамтитын 89 мектептің құрылысы аяқталған кезде Қазақстандағы мектеп жетіспеушілігі айтарлықтай азаяды. Бұл өз кезегінде білім сапасының артуына, балалардың қауіпсіздігіне, мұғалімдердің жүктемесінің төмендеуіне, жаңартылған білім беру әдістемелерін енгізуге, цифрлық инфрақұрылымды толық пайдалануға мүмкіндік береді. Жалпы жемқорлықтан тәркіленген қаржының балалар білімін дамытуға бағытталуы — мемлекеттік саясаттағы маңызды әрі әділетті қадам. Бұл бастама қоғам сенімін арттырып, жемқорлықпен күрестің жаңа моделін қалыптастырды. Ең бастысы, ондаған мың бала жаңа, кең, қауіпсіз мектептерде оқу мүмкіндігіне ие болды.
Ж.БАЛАУСА.




