ПЕДАГОГТАР МАҢЫЗДЫ ТАҚЫРЫП АЯСЫНДА БАС ҚОСТЫ

Шымкент қаласындағы №140 жалпы орта білім беретін мектебінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аясында білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Жиынның басты мақсаты — президент Жолдауында айқындалған білім сапасын арттыру, мұғалімдердің кәсіби дамуын жетілдіру және оқушылардың тұлғалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бағыттарды түсіндіру және кеңінен насихаттау болды. Шымкент қаласы білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл басқосуға қаланың білім беру ұйымдарынан 100-ге жуық педагог қатысты.

Басқосуда ұстаздар арасында білім сапасын арттыру мәселесі, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін дамыту, сондай-ақ оқушының тұлғалық қабілеттерін жан-жақты қалыптастыру жайында пікір алмасылды. Қазіргі уақытта білім жүйесін жаңғырту және ұлттық құндылықтарды сақтау маңызды болып отыр. Осы тұрғыда Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталығының әдіскері Жарқынай Арысбаева сөз алып, мұғалімнің рөлінің қоғамдағы маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде ол «Педагог — ұлттың болашағын қалыптастыратын тұлға. Біз жаңашылдыққа бейімделіп, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи біліммен қаруланған саналы ұрпақ тәрбиелеуге күш салуымыз қажет» деп атап өтті. Бұл жиынның біркүндік шара емес, алдағы уақыттағы педагогикалық жұмыстарға серпін беретін маңызды қадам екендігі айтылды.
Іс-шара барысында білім беру инфрақұрылымын дамыту мәселесі кеңінен талқыланды. Мектептің материалдық базасын жаңарту, заманауи технологияларды енгізу және оқыту процесінің сапасын арттыру маңызды тақырыптардың бірі болды. Қорқыт ата атындағы №22 жалпы орта білім беретін мектептің жас маманы Жалғасбек Тәліпбай семинардың маңыздылығын атап өтіп, мектепті басқарудың жаңа үлгілері мен ІТ саласындағы цифрлық мүмкіндіктердің білім беру жүйесіндегі рөлі туралы пікір білдірді. Нақтырағы «Бұл жиында біз ІТ саласындағы цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, мектепті басқарудың жаңа үлгілері жөнінде мол ақпарат алдық. Осындай іс-шаралар мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеріп, жаңа идеяларға жол ашады» деді ол. Жиында қатысушылар білім беру саласындағы инновациялық тәсілдер мен мектептердің басқару жүйесін жаңғырту қажеттілігі туралы пікір алмасты. Мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру және оқушыларға заманауи білім беру үшін ақпараттық технологиялар мен цифрлық платформаларды пайдалану күн тәртібінде тұр.
Алдағы уақытта Шымкент қаласы білім басқармасы педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру және білім сапасын жақсарту бағытында бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. «Кәсіби диалог», «Зерттеуші мектеп», «Педагогикалық дуэт», «Менторлық мектеп» сияқты жобалар ұстаздардың біліктілігін арттырып, білім беру жүйесін жаңғыртуға ықпал ететін болады. Бұл жобалар мұғалімдер арасында тәжірибе алмасуға, шығармашылық қабілеттерді дамытуға және білім беру процесін жетілдіруге бағытталған. Шымкент қаласының білім басқармасы аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету мақсатында жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұл шаралар ұстаздардың жаңа идеяларды жүзеге асырып, жаңа әдіс-тәсілдер арқылы білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Шымкенттегі білім беру ұйымдарының өкілдері арасында өткен жиын білім беру саласының жаңашылдыққа бет бұрғанын, сондай-ақ педагогтердің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстардың қолға алынғанын көрсетеді. Президент Жолдауының негізгі бағыттары бойынша педагогтер өздерінің кәсіби даму жолында жаңа қадамдар жасап, білім беру жүйесінде сапалы өзгерістерді жүзеге асыру үшін күш біріктіруге дайын. Бұл бастамалар ұстаздар мен оқушылардың болашақта сапалы білім мен тәрбиенің нәтижесін көруіне мүмкіндік береді.