ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚ — БІЛІМ БЕРУДІҢ НЕГІЗГІ БАҒДАРЫ

Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің басты бағыты – оқушының алған білімін өмірлік жағдайларда тиімді қолдана білу қабілетін қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, функционалдық сауаттылықты дамыту — Қазақстанның білім беру саясатының маңызды басымдықтарының бірі. Бұл бағытта мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру мен жаңа әдістемелерді енгізу өзекті болып отыр.

Осы мақсатта Шымкент қаласындағы №46 мектеп-лицейі базасында география пәні мұғалімдеріне арналған «Функционалдық сауаттылық — білім берудің негізгі бағдары» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинарға қатысқан ұстаздар заманауи білім беру үрдістерін талқылап, функционалдық сауаттылықты дамытудың тиімді тәсілдерін тәжірибе жүзінде қарастырды. Семинардың мазмұны бүгінгі педагогикалық қоғамдастық үшін аса маңызды мәселелерді қамтыды. Атап айтқанда, мұғалімдер оқушылардың алған білімін өмірмен байланыстыру, білімді практикалық жағдайда қолдануға баулу, сын тұрғысынан ойлауды дамыту жолдарын талқылады. Бұл – дәстүрлі оқыту әдісінен тәжірибеге негізделген оқытуға көшу үдерісінің нақты көрінісі. Функционалдық сауаттылық дегеніміз – тек оқып, жаза білу емес, өмірдегі мәселелерді шешу барысында білім мен дағдыны тиімді пайдалану қабілеті. География пәні осы бағытты дамытуда ерекше рөл атқарады. Себебі ол табиғи, әлеуметтік және экономикалық құбылыстарды түсіндіре отырып, оқушыларды қоршаған ортаға бейімделуге, логикалық ойлауға және сыни тұрғыдан талдауға үйретеді.
Семинар барысында ұстаздар түрлі әдістемелік тәсілдермен танысты. Яғни жобалық оқыту, топтық жұмыс, ситуациялық тапсырмалар мен проблемалық сұрақтар арқылы оқушылардың белсенділігін арттыру жолдары қарастырылды. Сонымен қатар, қатысушылар оқу мақсаттарын нақтылау және білім сапасын бағалаудың заманауи критерийлерін талқылады. Маңызды тұсы – семинар мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Пән мұғалімдері оқу бағдарламасын жаңартылған мазмұнда жүзеге асырудың тиімді тәсілдерімен бөлісіп, оқу процесін жетілдірудің жаңа идеяларын ұсынды. Мұндай пікір алмасулар кәсіби дамуға серпін беріп, педагогикалық қоғамдастықты біріктіреді. Семинардың қорытынды бөлімінде қатысушылар кері байланыс жасап, өз әсерлерімен бөлісті. Мұғалімдер осындай практикалық бағыттағы шаралардың маңыздылығын атап өтті. Себебі тек теориялық біліммен шектелмей, нақты мысалдар мен тәжірибелер арқылы үйрену ұстаздардың кәсіби құзыреттілігін арттырады.
Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру – бүгінгі білім беру жүйесінің стратегиялық мақсаты. Бұл бағытта мұғалімнің рөлі айрықша. Себебі ол – оқушыны білім алуға ғана емес, сол білімді өмірлік дағдыға айналдыруға жетелейтін тұлға. Сондықтан осындай семинарлар ұстаздарға әдістемелік қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың өз пәнін жаңа қырынан түсінуге жол ашады. Қорыта айтқанда, №46 мектеп-лицейінде өткен семинар білім сапасын арттыру мен педагогикалық тәжірибені жетілдірудің нақты үлгісі болды. Ол ұстаздардың кәсіби әлеуетін көтеріп, білім берудің заманауи талаптарына сай жаңа көзқарас қалыптастырды. Осындай бастамалар арқылы Шымкент қаласының педагогтары білім жүйесін жаңғырту мен функционалдық сауаттылықты дамыту ісінде алдыңғы қатарда екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.