ӘЛЕМДІК ТОҚЫМА АЛПАУЫТЫ КҮНГЕЙГЕ ҚАРЖЫ ҚҰЙМАҚ

Түркістан облысы соңғы жылдары аграрлық өнімдерді терең өңдеуге және дайын тауар өндірісіне ерекше назар аударып келеді. Бұл бағыттағы басты қадамдардың бірі – мақта өндірісін тек шикізат күйінде сатумен шектемей, оны толық қайта өңдеу арқылы мата мен дайын киім шығару ісін дамыту. Өңір басшылығының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар Түркістанды Орталық Азиядағы ірі тоқыма орталықтарының біріне айналдыруды көздейді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің әлемдегі ең ірі тоқыма өнімдерін өндірушілердің бірі – «Texhong Group» компаниясының басшыларымен кездесуі осы бағыттағы стратегиялық қадам болып отыр. Кездесуде тараптар Түркістан өңірінде жылына 300 мың тонна мақта өңдейтін заманауи зауыттар салу жобасын талқылады. Бұл бастама жергілікті ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін түбегейлі жаңғыртуға серпін бермек. Мақта өсіру — Түркістанда бұрыннан бар дәстүрлі сала. Бүгінде өңірде жылына шамамен 150 мың гектарға мақта егіліп, 270 мың тоннаға жуық өнім жиналады. Алайда осы уақытқа дейін шикізаттың едәуір бөлігі арзан бағамен шетелге экспортталып келді. Бұл – жергілікті экономиканың қосымша құннан айрылып отырғанының айғағы. Енді әкімдік шикізатты сыртқа шығармай, өзімізде матаға, одан әрі дайын киімге дейін өңдеуді басты мақсат етіп отыр. Осылайша толық өндірістік тізбек жасалып, дайын өніммен әлемдік нарыққа шығу көзделуде.
«Texhong Group» компаниясының Түркістанға келуі – кездейсоқ шешім емес. Қытай, Вьетнам, Түркия, Мексика және Никарагуа елдерінде өндірістік базалары бар бұл корпорация жылына 900 мың тоннаға жуық мақта өңдейді. Компания тек тоқыма өндірісімен ғана емес, сонымен қатар индустриялық парктерді дамыту, күн және газ энергетикасы арқылы энергия өндіру бағыттарында да тәжірибесі мол. Мұндай технологиялық база Түркістандағы жобаларды тиімді әрі тұрақты етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – компания өз өндірісін толықтай энергиямен қамтамасыз ете алады, бұл қосымша инфрақұрылымдық тәуелділікті азайтады. Облыста қазірдің өзінде 25 мақта өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Бірақ олардың басым бөлігі шикізатты бастапқы өңдеумен ғана шектеледі. Енді жоспарланып отырған жоба иірім жіптен бастап дайын мата мен киім тігуге дейінгі толық циклді қамтуды мақсат етеді. 2027 жылға дейін Түркістан облысында бес тоқыма кластерін іске қосу жоспарда бар. Бұл қадам отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына тың серпін береді.
Аймақта мақта алқаптары да артып келеді. 2025 жылы мақта егілген жер көлемі 38 мың гектарға өсіп, жалпы 144,5 мың гектарға жетті. Ағымдағы жылы 470 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналуы күтіліп отыр. Оның ішінде 50 мың гектарда озық технологиялар қолданылуда. Бұл – өнім сапасын арттырып, су ресурстарын үнемдеуге ықпал ететін маңызды қадам. Инвесторлар үшін өңірде барлық қажетті жағдай жасалған. Түркістан облысында 20 индустриалды аймақ пен дайын өндірістік парктер жұмыс істейді. Инфрақұрылым тартылған, еңбек ресурсы жеткілікті, шикізат қоры мол. Осы артықшылықтар Түркістанды халықаралық компаниялар үшін ерекше тартымды етеді. «Texhong Group»-тың өңірге келуі тек қаржылай инвестиция әкеліп қана қоймайды. Бұл – озық технологиялар трансфері, жаңа басқару тәжірибесі және экологиялық таза өндіріс стандарттарының енгізілуі. Сонымен қатар тұрақты жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа кәсіби оқыту бағдарламалары іске қосылады. Мұның барлығы Түркістан облысының индустриялық кластерін дамытуға жаңа серпін береді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, мақта – тек ауыл шаруашылығы өнімі емес, бүкіл өңір экономикасының драйверіне айнала алатын сала. Шикізатты терең өңдеп, жоғары қосылған құнға ие дайын өнім шығару арқылы Түркістан облысы халықаралық деңгейдегі тоқыма орталығына айналуды мақсат етіп отыр. Бұл жоба табысты жүзеге асқан жағдайда Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. Түркістан облысы тек аграрлық өңір емес, индустриялық қуаты бар, әлемдік нарықпен бәсекелесе алатын аймаққа айналмақ.




