ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе ауылының тұрғындары үшін ерекше қуанышпен өтті. Бұл күні ауылда бірқатар жаңа әлеуметтік нысандар – баскетбол алаңы, балалар ойын алаңшасы және «Street workout» спорттық жаттығу алаңы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Аталған нысандар балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жастардың спортпен шұғылдануына, жалпы ауыл тұрғындарының дене шынықтырумен айналысуына мол мүмкіндік береді.

Бұл игі бастама – Түркістан облысында өткен жылы жүзеге асқан «Үлгілі ауыл» байқауының нақты жемісі. Жартытөбе ауылы байқау нәтижесінде жүлделі орынға ие болып, облыстық бюджет есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға арналған қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні ауылдың келбеті жаңарып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасып келеді. Жаңа нысандардың ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауыл тұрғындарын балалар мерекесімен құттықтап, іске қосылып отырған нысандардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар аудан көлемінде спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен мәлімет беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті. «Балалар – елдің болашағы. Олардың дені сау, жан-жақты дамыған азамат болып қалыптасуы – біздің басты міндетіміз. Осыған орай, аудан көлемінде спорттық нысандарды көбейту, қолжетімді ету жұмыстары жалғасады» деді аудан басшысы өз сөзінде.
Ашылу салтанатында сөз алған ардагер ұстаз, ауданның құрметті азаматы Әшімхан Тәпі ел болашағы үшін жасалып жатқан осындай бастамаларға алғысын білдіріп, ауылды көркейтуге үлес қосқан азаматтарға шынайы ризашылығын жеткізді. Ал ауыл қариясы Балтабай Аймұрзаев елге береке, жаңадан ашылған нысандарға сәттілік тіледі. «Елге қызмет ету – үлкен сауап. Мұндай игілікті істер көбейе берсін. Балалардың күлкісі – ауылдың көркі» деп ақ батасын берді ақсақал. Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен және тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Үлгілі ауыл» байқауы – ауылдардың әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экологиялық дамуына серпін беріп отырған маңызды жоба. Бұл бастама «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынып, биыл да жалғасын табуда. Жартытөбе ауылының жетістігі – аталмыш жобаның тиімділігін көрсететін айқын дәлел. Аталған байқау арқылы облыс көлеміндегі елді мекендер арасында үздіктер анықталып, жеңімпаз ауылдарға қажетті инфрақұрылым тартылып, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Бұл тек ауыл келбетін көркейтіп қана қоймай, халықтың өмір сапасын жақсартуға зор ықпал етуде.
Жартытөбе ауылында ашылған жаңа нысандар – ел ертеңі үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Бұл тек спорттық алаңдар емес, бұл – балаларға деген қамқорлықтың, ауылға деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Осындай игі істер Түркістан өңірінде жалғасын тауып, ел мен жердің еңсесін тіктей бермек. Салауатты ұрпақ – жарқын болашақ кепілі екенін ұмытпаған жөн.