ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Түркістан облысы — табиғи байлығы мен географиялық орналасуы жағынан еліміздегі ең әлеуетті өңірлердің бірі. Соңғы жылдары облыс инвестициялық тартымдылығы жоғары аймақ ретінде қалыптасып келеді. Мұнда агроөнеркәсіп, туризм, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс және көлік-логистика салалары бойынша мол мүмкіндік бар.
Облыс ірі сауда жолдарының бойында орналасқандықтан, Орталық Азия елдерімен тығыз экономикалық байланыс орнатуға қолайлы. Түркістан қаласының халықаралық әуежайы мен жаңғырған теміржол және автокөлік жолдары – шетелдік және отандық инвесторлар үшін тиімді логистикалық шешімдердің бірі. Осы орайда, жуырда Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары, мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді. Жиын барысында «Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды. Осы мәжілісте өзекті мәселелерді айтып, шешу жолдарын ұсынған жөн. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсеіледі. Жобаларды уақтылы әрі сапалы атқару керек» деді аймақ басшысы.
Күн тәртібінде бірнеше ірі жобаның жүзеге асыру барысы қаралды. Бүгінде Сайрам ауданында ет комбинаты мен бордақылау алаңы салынуда. Ал Түркістанда қаптама материалдарын өндіретін зауыт салынады. Сонымен бірге Түркістан қаласында сэндвич-панельдер, әртүрлі шам түрлері, поролон, қасбеттік материалдар және өндірістік полиэтилен қаптамаларын өндіретін зауыт салу инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыттың құрылысы, Арыс қаласындағы минералды су және басқа да алкогольсіз сусындар шығаратын цехты кеңейту барысы да талқыланды. Төлеби ауданындағы кіші гидроэлектр станциялары туралы да мағлұмат берілді. Шардарадағы жүгері зауыты, Мақтааралдағы мақта тұқымын өндіретін және тамшылатып суару жүйелері мен полиэтилен құбырларын өндіретін зауыт салу инвестициялық жобасы және өзге де жобалар сарапталды.