ОБЛЫС ӘКІМІ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫН БАҚЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығындағы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, бірқатар нысандарды аралады. Әкім қала көшелеріндегі инфрақұрылымның сапасын бақылап, тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.
Алдымен аймақ басшысы Қазыбек би және О.Жарылқапов көшелері аралығындағы жол құрылысының жай-күйін көрді. Жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын бұл төрт жолақты жолдың құрылысы қарқынды жүруде. Қаржыландыру толық қамтамасыз етілсе, жоба биыл аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар Тәуке хан көшесінде де жол жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл учаскеде ұсақ түйіршікті асфальт төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдар салынады. Әкімнің жұмыс сапары барысында Б.Қалаби көшесін реконструкциялау жобасы да назардан тыс қалмады. Ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын, төрт жолақты бұл көшені қайта жаңарту 2024–2026 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда 3,4 миллиард теңгеден астам қаражат игерілген. Қалған қаржыландыру толық көлемде бөлінсе, Бекзат шағынауданы тұрғындары үшін жол қатынасы айтарлықтай жеңілдейді. Сонымен қатар бұл жоба қала орталығындағы көлік жүктемесін азайтуға сеп болады.
Жол инфрақұрылымын дамыту барысы туралы қала әкімі мен жауапты орынбасарлар есеп беріп, облыс әкімі тарапынан нақты тапсырмалар алды. Әкім жұмыстардың сапасын қатаң бақылауда ұстауды, белгіленген мерзімде аяқтауды және құрылыс материалдарының стандартқа сай болуын тапсырды. Айта кету керек, биыл Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл – қаланың жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды шаралардың бірі. Түркістан – тарихи ғана емес, заманауи стандарттарға сай дамып келе жатқан жаңа мегаполис. Қаланың жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары тұрғындардың өмір сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері анық. Облыс әкімінің тікелей бақылауы бұл жобалардың жүйелі әрі сапалы жүзеге асуына сеп болмақ.