МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУ БАҒЫТЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛІП ОТЫР

Түркістан облысы – еліміздің аграрлық әлеуеті жоғары аймақтарының бірі. Табиғи-климаттық ерекшеліктері, егістікке қолайлы жерлері мен еңбекқор халқы бұл өңірді ауыл шаруашылығын дамытуда ерекше маңызға ие аймаққа айналдырып отыр. Бүгінде облыс еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің басты жеткізушілерінің қатарында. Облыста жер ресурстары мол және көпжылдық егіншілік дәстүрі қалыптасқан. Түркістанның күн сәулесі мол, жылы әрі ұзақ вегетациялық кезеңі – дәнді дақылдар, бақша өнімдері мен жеміс-жидек өсіруге таптырмас мүмкіндік. Әсіресе, мақта, жүзім, қауын-қарбыз, қызанақ пен қияр секілді өнімдер елімізде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие.
Суармалы жерлердің тиімді пайдаланылуы да облыстың артықшылығы. Қазіргі таңда тамшылатып суару, жаңбырлатып суару сынды заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде. Бұл суды үнемдеп қана қоймай, өнім көлемі мен сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, Түркістан облысы мал шаруашылығын дамытуда да алдыңғы қатарда. Ірі қара, ұсақ мал және құс шаруашылығы белсенді дамып келеді. Қазіргі таңда ет пен сүт өндірісінің көлемі жыл сайын артып, өңір ішкі сұранысты ғана емес, экспорттық әлеуетін де кеңейтіп отыр. Жалпы Түркістан облысында 6 млн төрт түлік тіркелген. Мал басының жылдан-жылға ұлғаюына орай, жем-шөпке сұранысты қамтамасыз ету үшін малазықтық дақылдарға басымдық берілуде. Биыл малазықтық дақылдар 227 мың гектарға егілді, ол – жалпы егістіктің 25 пайызы. Агроқұрылымдарға мал азығы дақылдарын еккені үшін және мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар тұрақты көрсетілуде.
Аталған мәселе облыс әкімдігінде арнайы талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне малазықтық дақылдарды даярлау бойынша жоспар әзірлеп, мәселені бақылауда ұстауды тапсырды. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, өткен жылы өңірде 1,5 жылдық қорды қамтамасыз ету мақсатында, 5,5 млн тонна мал азығы жиналған. Атап өтетін жағдай, қыс мезгілінің мал шаруашылығына жылы, қолайлы болуына байланысты, алдын ала есеп бойынша өткен жылдан 1,9 млн тонна мал азығы қоры сақталған. Биыл ауа райы қолайсыз болғандықтан, бұл бағыттағы жұмысты ширату қажет. Осы орайда, мал азығы тапшылығын шешу жолында қысқа мерзімдік, орта және перспективалы мерзімдерге жоспарлар дайындалып, ұсынылмақ. Оның ішінде кебек бөлу ісін жүйелеу, су үнемдеу технологияларын енгізіп, малазықтық дақылдар көлемін арттыру көзделген.
Мәжілісте шегіртке зиянкесіне қарсы күрес барысы да талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, жағдай тұрақты. Дегенмен босаңсуға жол жоқ, көршілес ел мен облыстан зиянкестердің ұшып келу қаупі бар. Аудан, қала әкімдеріне жағдайды бақылау тапсырылды. Айта кетейік, бүгінде облыста 700 мың гектардан астам жер химиялық өңдеуден өткен. Оның ішінде, 638 мың гектар жер үсті бүріккіштерімен, 64 мың гектар ұшақпен, 2 мың гектар аспалы бүріккіштермен және 1 мың гектар алқап дронмен өңделді.