ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ӨЗГЕРГЕН?

Азық-түлік қауіпсіздігі – бұл халықты сапалы, жеткілікті және қолжетімді азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз ету. Бұл мәселе қазіргі таңда Қазақстан үшін аса өзекті болып отыр. Елдің ауыл шаруашылығы әлеуеті зор болғанымен, климаттың өзгеруі, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және нарықтық тұрақсыздық сияқты бірқатар факторлар азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсер етуде.

Қазақстан – астық өндіруде әлемдік көшбасшылардың бірі. Алайда ішкі нарықта кейбір азық-түлік түрлерінің қымбаттауы немесе тапшылығы жиі байқалады. Бұл логистикалық мәселелермен, өнім сақтау жүйесінің әлсіздігімен және өңдеу саласының дамымауымен байланысты. Сондай-ақ кейбір аймақтарда импортқа тәуелділік жоғары, бұл ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы еңбек күші мен технологиялық артта қалушылық өнімділікті төмендетіп отыр. Көптеген шағын шаруашылықтар мемлекеттік қолдауға зәру. Мемлекет тарапынан түрлі субсидиялар мен бағдарламалар қолға алынғанымен, олардың тиімділігі кейде төмен деңгейде қалып жатады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыруды, аграрлық ғылым мен инновацияны дамытуы қажет. Жергілікті өнімді өндіру мен тұтынуды қолдау арқылы ішкі нарықты тұрақтандыруға болады. Сонымен қатар экологиялық таза өнім өндіру арқылы экспорттық әлеуетті де арттыру маңызды. Бұл ғана емес, елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қорын қалыптастыру арқылы бағаны реттеп отыру тетіктері іске асырылған. Осы орайда, жуырда Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы мен ерте пісетін көкөністерді жеткізуге қатысты мәселелер қаралды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлім етті.
ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәліметінше, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының индексі 0,4 пайыз болды. Сиыр еті мен көкөніс бағасы өскені белгілі болып отыр. Сондай-ақ күріш пен жұмыртқа 0,3 пайызға, макарон өнімдері мен қарақұмық бағасы 0,1 пайызға арзандады. «Сиыр еті бағасының қымбаттауына жүргізілген талдау қорытындысы бойынша өнім жыл басынан 11,9 пайызға қымбаттаған. Осы өнім түріне баға өсімін тежеу мақсатында сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия елден ірі қара малды әкетуге үш айға уақытша тыйым салу туралы шешім қабылдады» делінген хабарламада. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 28 сәуірге 25,6 мың тонна ерте пісетін көкөніс жеткізуге келісімшарттар жасалды, бұл — 11,1 мың тонна картоп, 4,7 мың тонна сәбіз, 4,3 мың тонна пияз және 5,4 мың тонна қырыққабат. Оңтүстік өңірлер әкімдіктерінің ақпараты бойынша, биылғы маусымда ерте пісетін көкөністердің өнімі мол болады деп күтіліп отыр. Өнімнің негізгі көлемі Түркістан облысына тиесілі. Болжамға сәйкес, картоп көлемі 216,6 мың тонна, сәбіз — 41,5 мың тонна, пияз — 87,5 мың тонна, қырыққабат — 228,9 мың тонна деңгейінде күтілуде. Түркістан облысында 17,5 мың тонна қырыққабат жиналып, оның 1,3 мың тоннасы экспортталды.
Сонымен қатар Жетісу, Алматы және Қызылорда облыстарында форвардтық келісімшарттар аясында ерте піскен ақ қырыққабатты жеткізу басталды. Ішкі нарықты өніммен толтыру мақсатында жыл басынан бері 80 мың тонна картоп пен 30 мың тонна қырыққабат импортталды. Жиында тасымал кезінде импорттық өнімнің бағасы қалай өзгеретіні қаралды. Шекарада кідірістердің алдын алу үшін көкөністерге маусым айының соңына дейін «жасыл дәліз» енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл өнім жеткізуді жеделдетуге, логистикалық шығындарды азайтуға, нәтижесінде ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.