3,5 МЛРД-ТАН АСТАМ ҚАРАЖАТ ЖЕЛГЕ ҰША ЖАЗДАДЫ

басқарма басшысы неге үнсіз?
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті жүйенің тамырына сіңген жемқорлықпен күресуге барын салып келеді. Соңғы жылдар ішінде тексеру мен бақылау жұмыстары күшейді. Осы орайда, жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бірқатар деректерді алға тартты.
Тарқатар болсақ, Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары салаларда 33 заңбұзушылық анықталған. Тексеру нәтижесінде қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының 1995 жылы салынған ескі ғимаратты 3,6 миллиард теңгеге сатып алмақ болғаны белгілі болып отыр. Қызығы сол, ғимарат негізгі талаптарға сай емес. Қала берді, нысанның нарықтық құны жоғарыдағы қаржыдан әлдеқайда төмен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Жандос Бекасанов мұның себебі былайша түсіндірді «Ғимаратты қашан және қандай жағдайда сатып алуға болатыны жөнінде нақты ережелердің болмауы шенеуніктерге өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жағдайда біздің ұсынымдардан соң келісімшарт күшін жойып, қаражатты бюджетке қайтарды».
Қош делік, бұл ұсақ мәселе емес. Қала берді, әңгіме миллиардтар хақында болып отыр. Осы тұста қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Сәменбекұлының бұл істен қаншалықты хабардар екені бізді толғандырады. Басқарма басшысы бұл істі білсе және көз жұма қараса, қала әкімінің сенімін ақтау тұрмақ, мемлекет басшысының ұстанымына қарсы шыққан болар еді. Ал енді бейхабар болса, басшылық қызметіне, көшбасшылық қабілетіне сын. Қай жағдайдың болсын Маратбек Сәменбекұлына абырой әпермесі анық. Мәселенің мән-жайын тарқатуға асықпауына қарағанда, мұндай түйткілдер басқарма басшысын толғандырмайтын да тәрізді. Ендеше мұндай кадрлар қалаға, қала әкіміне қажет пе? Мәселе осында…
«Уақыт».