СЫЗДЫҚБЕКОВ-КӘРІМОВ ТАНДЕМІ ТЫНДЫРҒАН ІС КӨП

Айдын Мейрамбекұлы артылған сенімді абыроймен ақтап келеді
Шымкент – еліміздің үшінші мегаполисі. Қазақстанның күнгейінде жатқан, қала берді, тоғыз жолдың түйіскен тұсында тұрған шаһардың мүмкіндіктері көп, мәселесі де жетерлік. Кемшін тұсын түзеп, артықшылығын айқындай білсе, ауыз толтырып айтар жетістік те көп болмақ. Ал енді істің үдесінен шыға алмайтын кадрлар келсе, келісті істің өзін кері кетірері анық. Мұны тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ. Тәуелсіздік жылдары ішінде бұл қалаға қаншама кадр келді. Аттай қалап, астанадан алдырғандарды да көз көрді. Атын атап, атағын аспандатқан талай маман қаламыздың күйбең тіршілігіне кіріп, көрінбей кететін. Өйткені Шымкент сырттан келгенді сыпайы түрде қабылдай бермейді. Содан да болса керек, тосыннан келе қалғандар тосырқап, жергілікті жүйеге сіңісе алмайды. Мұны сырттан келген кадрлар жақсы білсе керек. Дегенмен соңғы уақытта үшінші мегаполисте іргелі өзгерістер орын алып жатыр.
Әрине, мұның барлығы қазіргі қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың есімімен тығыз байланысты. О баста қалың қазақтың санасына сіңген стереотиптерді өзгертуге мүдделі екенін айтқан қала басшысы сөзінде тұра білді. Соңғы жылдар ішінде талай уақыттан бері сең боп қатқан бірқатар түсініктер мәнін жоғалтты. Сөз жоқ, мұншалықты іргелі істерді тындыруға қауқары мықты, қарымы қатты команда қажет-ақ. Онсыз жергілікті жүйенің тамырына сіңген түсініктерді жою мүмкін де емес. Аңғарғанымыз, Ғабит Сыздықбеков кадр таңдау ісінде тәжірибесі барын аңғартты. Қала әкімі болып тағайындалғанына бір ай өтпестен Абай топырағында облыс әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарып жатқан Айдын Кәрімовты алдыртты. Сөйтіп таңдау түскен кадр Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне кірісіп кетті. Бұл азаматтардың қызмет жолы бұған дейін де түйіскен. Нақтырағы, қазіргі қала басшысы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының бірінші орынбасары болып тұрған тұста Айдын Кәрімов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары лауазымында еңбек еткен. Міне, сол уақыттан басталған әріптестік байланыс уақыт өте келе нығая түсті.
Ресми дерекке сүйенсек, Айдын Мейрамбекұлы экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларына жауапты. Сонымен қатар оған құқық қорғау және прокуратура органдарымен жұмысты үйлестіру міндеті де жүктелген. Ал енді атқарылған жұмыстар ойыссақ, тарихтың түрлі бұралаң шақтарында жекенің меншігіне заңсыз өткен нысандардың мемлекетке қайтуында дәл осы азаматтың үлесі бар. Заңсыздық анықталды. Зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде «Мұз сарайы» мен «Кең баба», «Қиял әлемі» демалыс орындары мемлекет меншігіне қайтарылды. Сумен жабдықтау және су бұру объектілерін мемлекет меншігіне қайтару ісінде де белсенділік танытты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін жинап, арнайы брифинг те өткізді. Міне, сонда аңғарғанымыз, Айдын Мейрамбекұлы қолға алған ісінің қыр-сырына әбден қанық болғаннан кейін жұмысқа кіріседі. Қадалған жерінен қан алмай қоймайтын қасиеті де көрініс беріп жатады. Дәл осы объектіні мемлекетке қайтару ісінде аса ауқымды ақпараттық майдан қалыптасты. Республикалық деңгейде талқыланды. Бірқатар блогерлер қаралап жатты. Мәжіліс депутаттары өткір сынның астына алды. Жан баласының жүйкесін жүндей түтетін сәттер аз болмады. Әйтсе де сынға сынып, жұмыс жарым жолда қалған жоқ. Сыртқа сырын бермейтін сыралғы кадрдың басшылығымен әкімдіктің талабы алғашқы сот отырысында қанағаттандырылды. Нәтижесінде Сыздықбековтың Кәрімовты неліктен аттай қалап, алыстан алдырғанын түсіне түскен тәріздіміз.
Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына табан тіреген болатын. Міне, сонда қаланың жетістіктерін жоғары бағалады. Өз сөзінде ел президенті «Металлургия, құрылыс саласы, азық-түлік өндірісі қарқынды дамып жатыр. Былтыр қала экономикасы 11 пайызға өсті. Шымкентте 300-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Тек былтырдың өзінде қалаға 770 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған» деп атап өтті. Бұл қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен бірге Айдын Кәрімовтың де еңбегіне берілген жоғары баға деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені инвестиция тарту, кәсіпкерлік саланы алға жылжыту ісіне дәл осы азамат тікелей жауапты.
Айдын Мейрамбекұлының маңызды да ауқымды инвестицияның қалаға құйылуында да қолтаңбасы бар. Мәселен, 2023 жылдың қарашасында Астана қаласында өткен маңызды халықаралық шарада әкімдік атынан барған қала әкімінің орынбасары маңызды меморандумға қол қойып қайтқан болатын. Нәтижесін көз көріп келеді. Қазіргі уақытта «Бозарық» индустриалды аймағында құны 650 млн АҚШ доллары болатын жылыжай кешені салынып жатыр. Аумағы жүздеген гектарды құрайтын нысан құрылысы толық аяқталса, Орта Азиядағы ең ірі жылыжай кешені болмақ. Жобаның бірінші кезеңімен 2 мың адам дәл осы мекемеден нәпақа тапса, толық қуатпен жұмыс істей бастағанда 5 мың жұмыс орны ашылады. Бұл — халқы күн сайын артып бара жатқан үлкен қала үшін жақсы жаңалық. Қала берді, нысан іске қосылса, қаланың ғана емес, күллі Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне бір табан жақындай түсуіне сеп болмақ. Қыстың күндері көкөністің шеттен келіп, баға аспандайтыны бар. Жылыжайдың мыңдаған тонна өнімі нарыққа шықса, баға да тұрақтала түседі. Бір сөзбен айтқанда, түрік ағайынның «Alarko Holding» компаниясының салып жатқан нысанынан келер игілік көп. Ал енді осыншама қаражатты қалаға тартуға қала әкімі орынбасарының сіңірген еңбегі зор деп білеміз. Қош, бұл шеттен келіп, қаржы құюды қалап жатқан жалғыз кәсіпорын емес. Бүгінде батыс пен шығыс мемлекеттерінен ат арытып келіп, әкімдік алдында сап түзеп тұрған инвесторлардың қатары қалың. Жалпы жүздеген мемлекет пен мыңдаған қаланың ішінде таңдауы Шымкентке түскендердің көбейе түсуінің артында Сыздықбеков-Кәрімов тандемінің өнімді ісі, батыл шешімі жатыр.
Жалпы инвестиция ағынының артуы, жаңа кәсіпорындардың көбеюі қала экономикасының ілгерілеуіне сеп болып келеді. Бүгінде шаһарда 816 өнеркәсіп кәсіпорны белсенді жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 18 ірі, 44 орта және 754 шағын кәсіпорын бар. Шымкентте орналасқан 704 өндіріс орны өңдеу өнеркәсібімен айналысады. Биыл қаңтар-наурыз айларында өнеркәсіпте өндірілген өнімнің көлемі 309,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,9 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 262,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл бағыттағы өсім былтырғымен салыстырғанда 20,8 пайызды құрады. Өсім жоғары. Қалада жиһаз өндірісі 2,3 есеге, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 43,9 пайызға, дайын металл бұйымдар шығару 69 пайызға, өзге де бейметалл минералдық өнімдерді дайындау 48,6 пайызға, тамақ өнімдері 28,6 пайызға, сусындар өндірісі 6,4 пайызға, металлургия 28,5 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 2,6 пайызға, мұнай өнімдерін қайта өңдеу 15,4 пайызға, химия өнеркәсібі 37,5 пайызға артқан. Қалада жалпы аумағы 1 276 гектарды құрайтын
7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 670,1 млрд теңге сомасына 427 жоба іске асырылуда. Оның ішінде бүгінгі таңда инвестициялық құны 323,9 млрд теңге болатын
304 кәсіпорын ашылған. Бүгінгідей жаһандық логистикалық тізбектің тоз-тозы шығып, нарық құбылып тұрған заманда өндірістің төмендемей, керісінше, артуы ауыз толтырып айтуға боларлық жетістік деп білеміз. Әрине, мұншалықты маңызды межеге жетуде ұйымдастыру ісі үлкен рөл атқарады. Халықаралық деңгейде келіссөз жүргізе алудың өзектілігі көрініс береді. Бұл тұрғыдан келгенде, қалада әкіммен ойы үндесіп, пікірі қабысқан Айдын Кәрімов сынды білікті кадрдың бары көңілге сенім ұялатады.
Жалпы әлемдік саясатта тамаша тандем құрып, жетістікке жеткен азаматтар аз емес. Мұны екінші дүниежүзілік соғыста қиранды мемлекетке айналған Германияның, Азияның кішкентай ғана аралында тұрған Сингапурдың, азуын айға білеген АҚШ-тың мысалынан жақсы білеміз. Елімізде де мысалдар жеткілікті. Ортақ мүдде мен бір мақсат азаматтарды біріктіреді, жұмыла жұмыс істеуіне түрткі болады. Қуантарлығы сол, Шымкентте де мұндай тандем көрініс беріп келеді. Кәрімовтың ел назарынан тыс жүргізіп жатқан ерен еңбегі Сыздықбековтың бұқара арасындағы биік беделіне себепші болып жатыр десек, артық айтпаған болар едік. Бұл азаматтарды бүгінде Шымкентті дамыту сынды үлкен мақсат біріктіріп отыр. Бұл тамаша тандем емей немене?!