ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТУРИСТЕР АРАСЫНДАҒЫ ТАНЫМАЛ БАҒЫТТАР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Туризм – ел экономикасының дамуына серпін беретін, мәдени мұраны әлемге танытатын маңызды сала. Бұл сала тек қаржылық табыс көзі ғана емес, сонымен қатар ұлттық болмысты, табиғи сұлулықты, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау мен насихаттауға ықпал етеді. Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің жетістіктері айрықша көп деуге келмейді. Есесіне, еліміздің азаматтары шетелге жиі саяхаттайтын болған.
Тарқатар болсақ, 2024 жылы рекордтық көрсеткіш тіркелді. Атап айтқанда 1 млн-нан астам қазақстандық шетелге демалуға шыққан. Әдеттегідей алғашқы орында Түркия тұр, екінші орында – Мысыр елі, үшінші орында – Біріккен Араб Әмірлігі. Осы үш ел соңғы бірнеше жыл алдыңғы үштікте тұр. 2023 жылы 847 мың адам, 2022 жылы 769 мың адам шетелге саяхаттаған болатын. Қарап отырсақ, жыл өткен сайын шекара асып, шетте демалғысы келетіндердің саны артып отыр.
Ал отандық туризмге ойыссақ, ел азаматтарының басым бөлігі Астана мен Алматы қаласына, Түркістан, Қарағанды және Алматы облыстарына жиі сапарлап барған. Бір қызығы, ел ішінде саяхаттағанды құп көретіндердің жартысынан астамы жатын орын үшін туыстары мен таныстарының үйін паналайды. Ал жалпы туристердің 15,2 пайызы қонақ үйлерге, 11,6 пайызы жалдамалы пәтерлерге және 3,3 пайызы шипажайларға тоқтаған. Ел ішінде саяхаттаған қазақстандықтар негізінен тауар сатып алуға, көлікке және тамақтануға қаржы жұмсайтыны белгілі болып отыр.
Қош делік, отандық туризмнің кенжелеп қалғанын айтып, жазып келеміз. Салада бірқатар салмақты жоспарлар қолға алынғанымен, жағдай жақсарып кетті деуге келмейді. Өзге мемлекеттер туристің жүрген-тұрғанынан қыруар қаржы алып жатыр. Ал бізде түйіні тарқамаған инфрақұрылым, сыннан көз ашпайтын қызмет көрсету саласы сынды өзекті түйіндер жеткілікті. Сондықтан туризмге сақадай сай мемлекеттермен салыстырғанда ахуалымыз адам қызығарлықтай емес. Бәлкім, содан да болар, шетте демалғанды құп көретіндердің қатары қалың әрі көбейіп келеді…
О.ҚАСЫМ.