МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАР – АУДАН ДАМУЫНЫҢ АЙҚЫН АЙҒАҒЫ

Шымкент қаласына қарасты Абай ауданы – күн сайын жаңарып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқан өңірлердің бірі. Бүгінде аудан аумағында 27 елді мекен бар. Жалпы тұрғын саны – 257,7 мың адамға жетіп, 55 159 жеке тұрғын үй мен 220 көпқабатты үйде қоныстанған. Ауданның инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру бағытында соңғы жылдары көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, қазіргі таңда аудан халқы 100 пайыз ауыз сумен және электр қуатымен қамтамасыз етілген. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға жасалған маңызды қадам.
Табиғи газбен қамту бойынша да айтарлықтай ілгерілеу бар. Қазіргі таңда 25 елді мекен газдандырылып, қамту көрсеткіші 92,6 пайызды құрады. 2024 жылы Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен Қайнарбұлақ саяжайында құрылыс жұмыстары аяқталып, газ абоненттеу кезеңіне өтті. Ынтымақ-2 мен Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алаптарында құрылыс толық аяқталып, көгілдір отынға қосу рәсімдері жүргізіліп, халыққа газ беріле бастады. Абай ауданындағы 1274 көшенің жалпы ұзындығы 1080 шақырымды құрайды. 2024 жылы жол құрылысына 4,3 миллиард теңге бөлініп, 95 көшеде 77 шақырым жолға асфальт төселді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы барлық тас және топырақ жолдарды асфальттау көзделіп отыр. Бұл жұмыс 311 шақырымды немесе 469 көшені қамтиды. Нәтижесінде, қазіргі 59,8 пайыз қанағаттанарлық жол үлесі 100 пайызға жетпек. Жарықтандыру бойынша да ілгерілеу бар. Бұрын аудан көшелерінің тек 15,1 пайызы ғана жарықпен қамтылған болса, 2024 жылы 254 көше жарықтандырылып, бүгінде жарық шамдары орнатылған көшелер саны 447-ге жетті. Бұл 35,1 пайыз қамтуды көрсетеді. 2025 жылға дейін барлық көше жарықпен қамтылып, бұл көрсеткіш те 100 пайызға жетуі тиіс.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде тұрғындар ұсынысымен 25 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақсатқа 1 млрд 990 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда осы жобалар аясында 16 ойын алаңы, 3 спорт алаңы, 5 гүлзар, 50 көшеге 34 мың шаршы метр аяқ жол салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Абай ауданында атқарылып жатқан бұл жұмыстар – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жаңартуға және қоғамдық кеңістіктерді жақсартуға бағытталған нақты нәтижелердің көрінісі. Ауқымды жобалар – аудан дамуының айқын айғағы. Болашақта бұл бастамалар жалғасын тауып, Абай ауданы қала өмірінің ажырамас және өркендеген бөлігіне айналатынына сенім мол.