ШЕКАРА АСЫП, ШЕТКЕ КЕТКЕНДЕР САНЫ 13 МЫҢҒА ЖУЫҚТАҒАН

Соңғы жылдары Қазақстаннан шетелге қоныс аударатын азаматтардың саны артып келе жатқаны жиі айтылып жүр. Бұл – жай ғана көші-қон үдерісі емес, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын, халықтың өмір сүру сапасын, болашаққа деген сенімін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Көшіп кетушілердің басым бөлігі – жастар мен жоғары білімді мамандар.
Қазақстаннан шетелге қоныс аударатын азаматтар көбіне ТМД мен Батыс елдерін таңдайды. Осы және өзге де статистикалық деректерге шолу ұсынамыз. Бұл үрдістің жетекші себептерінің бірі – азаматтар шетелде жұмыс істеуге кетеді. Сонымен қатар білім алу мен халықаралық тәжірибе жинақтау үшін шетелге кететін жастар да бар. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы зерттеулеріне көз жүгіртіп, соңғы уақытта шетелге көшкен адам саны – 12 784 екенін көруге болады. Оның ішінде қазақтар – 795, украиндықтар – 704, өзбектер – 1 672 және басым бөлігі орыс ұлты – 7 886. Елден көшуге шешім қабылдағандар көбінесе ТМД мемлекеттерін таңдайды. Сондай-ақ Германия, Польша және АҚШ сияқты батыс елдеріне қоныс аударуды жөн көреді. Сонымен қатар 2024 жылғы мәліметтер бойынша, елге көшіп келгендердің саны – 29 948 адам.
Елден көшкен қазақстандықтардың арасында техникалық мамандықтар мен экономика саласының мамандары басым. Статистикаға сәйкес, қоныс аударған қазақстандықтардың 3 113-і техникалық мамандықтар бойынша жұмыс істеуге кетсе, 1 293 адам экономика саласын таңдаған. Одан кейінгі орындарды педагогтер – 994, заңгерлер – 357 және медицина саласының өкілдері – 575 алады. Сондай-ақ шетелде өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген сәулетші, ауыл шаруашылығы және басқа салалардың мамандары да аз емес. Бір жағынан, бұл — сыртқы жұмыс күшін арттырып, шетелде жүрген қазақстандықтардың тәжірибе жинақтап қайтуына мүмкіншілік. Тек бұл ғана емес, шетелде білім алып, жұмыс істеп жатқан азаматтар елге жаңа білім, технологиялар мен инвестициялар әкелуі ықтимал. Бұл тұрғыда шетелге кету тек теріс емес, жеке даму мен жаңа мүмкіндіктердің жолы саналады. Алайда, егер бұл үрдіс тоқтамаса, елімізде білікті мамандар тапшылығы күшейіп, экономика мен ғылымда артта қалу қаупі туындауы мүмкін. Бұл жағдайда, мемлекет ішкі еңбек нарығын жақсартуға, жастарға кәсіби өсу мүмкіндіктерін ұсынуға, жұмыс орындарын көбейтуге бағытталған шараларды қолға алуы қажет.
Өзге елге көшкен азаматтардың Қазақстанға жасаған қаражат аударымдары экономикаға айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, осы жылдың қаңтар айында Қазақстаннан шетелдерге аударылған ақша – 40,7 млрд теңге. Бұл — 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 28,3 пайызға аз. Ал ақпан айында аударымдар көлемі 45 млрд теңгеге жеткен. Қаңтармен салыстырғанда 10,5 пайызға артып отыр. Сонымен қатар, қаңтар-ақпан айларында шетелден Қазақстанға жасалған аударымдардың жалпы сомасы — 31,6 млрд теңге. 2025 жылдың алғашқы екі айында Қазақстаннан шетелге жасалған ақша аударымдары көлемі шетелден Қазақстанға келген аударымдардан шамамен үш есе көп болды. Бұл еңбек миграциясы, отбасылық қолдау және инвестициялық мақсаттармен байланысты болуы мүмкін.
Ж.БАЛАУСА.