ШЫМКЕНТ: СҮТ ӨНІМДЕРІ ШЕТЕЛГЕ ЭКСПОРТТАЛМАҚ

Шымкент – батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын күре жолдың түйіскен тұсында орналасқан еліміздегі ірі қалалардың бірі. Шаһардың географиялық орналасуы көптеген артықшылықтарды береді. Оның ішінде кәсіпкерлік һәм қызмет көрсету саласын дамытудың маңызы айрықша. Бұл тұрғыдан келгенде, үшінші мегаполисте атқарылып жатқан шаралар аз емес. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің тамырына қан жүгіріп, тасы өрге домалап тұр.

Қазіргі уақытта қалада ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісіне ерекше көңіл бөлінуде. Жергілікті әкімдіктің ақпарына сенсек, бүгінде 50-ден астам кәсіпорын біз сөз еткен салада жұмыс істейді. Оның ішінде сүтті қайта өңдеумен айналысатын 10 кәсіпорын бар. Өткен жылы дәл осы кәсіпкерлік мекемелер 5 499 тонна қатты ірімшік, 1438 тонна сары май өндірген. Осы бағыттағы кәсіпорындарға мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, жыл сайын өнім қуаттылығы да арта түсуде. Шаһарда осы саладағы белгілі мекеменің бірі – «BIO FOOD KZ» ЖШС. Аталған кәсіпорынның негізі 2022 жылы қаланып, алғашында 15 адаммен жұмысын бастаған еді. Бүгінде жергілікті компания тәулігіне 25 тоннадан астам сүтті қайта өңдеп, сары май, қатты ірімшік және басқа да өнімдермен ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Еліміздің басқа қалаларына да өз өнімдерін ұсынып жатыр.
Бүгінде мемлекеттік қолдаудың игілігін көрген кәсіпорынның қуаттылығы артып, қатты ірімшік өндірісі ілгері басып келеді. Қалада өтетін жәрмеңкелерге де қатысып, өнімнің нарықтағы құнын қымбаттатпауға да үлесін қосуда. Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта өнімдерін Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірлігіне экспорттауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Қош делік, салалардың дамуынан жергілікті биліктің де, мемлекеттің де ұтары көп. Отандық өнімнің әлеуеті артса, импорттық тауарға деген кіріптарлықтың азая түсері анық. Қуантарлығы сол, соңғы жылдары шымкенттік өнімдердің санымен қатар, сапасы да артып келеді…

«Уақыт».