9 МЛН АЗАМАТТЫҢ БАНК АЛДЫНДА БЕРЕШЕГІ БАР

несие кіріптарлық па әлде мүмкіндік пе?

Несиені құрдымға балайтындар да, сонымен қатар оған мүмкіндік деп қарайтындар да көп. Әрине, бұл әр азаматтың қаржылық сауатына байланысты. Банктен берешекті кәсіпке немесе пайда әкелер өзге іске алса, қайтарымы жеңіл болмақ. Ал енді кіріс пен шығысты сараламай жатып кредитке кіріптар болса, одан ұта қоймасы анық. Қош делік, елімізде банкке берешегі барлардың саны көптігі турасында тарқата баяндап жүрміз. Ал қарыздың жалпы көлемі қанша? Одан мемлекетке келер қауіп бар ма? Осы және өзге де сауалдарға бүгінгі материалымызда жауап табуға тырысып көрмекпіз…

Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердегі тұтынушылық несие портфелі 14,1 трлн теңгені құраған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,7 пайызға көп. Жалпы кредит, атап айтқанда, тұтынушылық кредит кез келген елдегідей Қазақстан экономикасының қозғаушы күші болып отыр. Айта кетерлігі, кредиттік ресурстар арқылы қаржыландыру артып, нарықтық экономика өркендейді. Дегенмен қаржылық сауаттың төмендігінен әрі экономика негіздерін түсінбегендіктен, көпшілік тұтынушылық кредиттер көлемінің өсуін теріс құбылыс ретінде бағалайды, халықтың кредитке белшесінен батқанын алға тартады, ал бұл — теріс пікір. Ranking.kz зерттеуіне сүйенсек, тұтынушылық кредиттер көлемінің өсуіне қарамастан, мұндай динамика халықтың қарыздық жүктемесінің деңгейіне теріс әсер етпейді. Мәселен, қарыз көлемімен бірге халықтың табыс деңгейі де өсуде, сондай-ақ тәуекелдің барлық деңгейлері ескерілетін елдің кредиттік нарығы жетіліп келеді. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының зерттеу деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстан халқының кредиттер мен қарыздарды төлеуге жұмсаған шығындарының үлесі небәрі 6,2 пайызды құрады. Ал 2009 жылы көрсеткіш 4,6 пайызды құраған. Яғни 15 жыл ішінде кредиттер мен қарыздарды төлеуге жұмсалған шығындардың үлес салмағы бар болғаны 1,5 пайыздық тармаққа артты. Демек Қазақстандағы қарыздық жүктеме деңгейі өте төмен, ал динамикасы барынша қалыпты. Тағы бір бөлек айта кетерлігі, бұл статистика тек кредиттерді ғана емес, басқа да міндеттемелерді, мысалы, ең жақын досыңыздан алған қарызды да қамтиды. Егер тереңірек үңілсек, тікелей кредитті өтеу үшін жұмсалатын шығындардың үлесі одан да аз болуы мүмкін.
Осы тұста салыстыра кеткеніміз жөн. Елімізде азық-түлікке жұмсалатын шығындар халықтың жалпы шығындарының жартысын құрайды. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Азаматтар тамаққа көп ақша жұмсаған сайын, өздерін басқа қажеттіліктерден шектейді, бұл халықтың өмір сүру деңгейін айқындайды. Оның үстіне он бес жыл ішінде халықтың азық-түлік тауарларына жұмсайтын шығындарының үлкен үлесі 8,2 пайыздық тармаққа ұлғайған. Қазақстандықтардың әл-ауқатына алаңдатушылық танытатын жандар дәл осы мәселені қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді. Енді жоғарыда айтылғандарды растау үшін кредит нарығын толығырақ қарастырайық. Мемлекеттік кредиттік бюроның деректері бойынша 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда банктерден, МҚҰ-дан, коллекторлық және басқа да компаниялардан қарыз алған 9 млн-ға жуық қарыз алушылар болды. Бұл көрсеткіш ештеңені білдірмейді, мәні басқада. Егер қарыз алушылардың санын қарыздар сомасы тұрғысынан қарастыратын болсақ, өте қызық көрініс пайда болады.
Жалпы аталған 9 млн қарыз алушының қаржы ұйымдарында жалпы сомасы 24,3 трлн теңге кредиттері бар. Ал енді ең қызығы, жалпы берешектің 92,8 пайыздан астамы 1 млн теңгеден көп қарыздар, мұндай соманы барлық қарыз алушылардың 46,7 пайызы ғана алған. Егер одан да көп сомаларды қарастыратын болсақ, онда 2 млн теңгеден басталатын кредиттер кредиттердің жалпы көлемінің 84 пайызын құрайды, алайда мұндай қарызды қарыз алушылардың тек 30 пайызы ғана алған. Енді ірі, қомақты сомаларға тоқталайық. Мәселен, қарыз алушылардың тек 15 пайызында 5 млн теңгеден жоғары қарыздар бар, бірақ олардың жалпы сомасы халықтың барлық қарыздарының 6 пайыздан астамын құрайды. Ал мұндай ірі көлемдегі қарызды негізінен табысы жоғары қаржылық тұрақты азаматтар, сондай-ақ банктердің аффилирленген тұлғалары ғана ала алады, себебі мұндай қарызды алу үшін төлем қабілеттілігі жоғары болуы қажет және банктер барлығына дерлік мақұлдай бермейді.
Қарыз алушылардың 53,2 пайызы немесе 4,8 млн адам 1 млн теңгеге дейінгі кредиттерді ресімдеген, бұл қарыздардың жалпы көлемінің тек 7,2 пайызын құрайды. Нақтырақ айтқанда, 1 млн адам 100 мың теңгеден аз сомаға, 1,4 млн адам 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін, 1 млн-нан аз адам 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін, 1,5 млн адам 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін кредит алған. Мұндай кредиттер бойынша орташа берешек 50 мыңнан 730 мың теңгеге дейін өзгереді, бұл халықтың көпшілігі қарызды аз көлемде алғанын білдіреді. Мұндай қарыздарды бір немесе екі жалақымен толықтай өтеуге болады, көбіне кредитті шұғыл қажеттіліктерді сатып алу үшін алады, осылайша, депозиттегі қаражатты сақтап қалуға болады. Демек, салыстырмалы түрде алсақ, Қазақстанда қарыз алушылардың едәуір бөлігінің берешегі көп емес, яғни, кредиттер көптеген азаматтар үшін қаржылық ауыртпалық тудырмайды. Қарыздың негізгі сомасын тұрақты әрі жоғары табысы бар ірі қарыз алушылар алады, олар үшін қомақты сомадағы кредиттер қаржылық ауыртпалық емес, инвестициялар мен мүмкіндіктер екенін ұмытпау керек. Қорыта айтқанда, еліміздегі қазіргі ахуал аса күрделі деуге келмейді. Жалпы көрсеткіш үлкен көрінгенімен, астарына үңіліп, саралар болсақ, себебі жоғарыдағыдай шыға келеді. Иә, несие құрдым ғана емес, мүмкіндік те бола алады. Осыны ұмытпасақ екен…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.