ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІ 5 КЕСЕЛМЕН КҮРЕС ЖАЙЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Бүгінде қоғам арасында өзекті мәселе, өткір түйткіл жетерлік. Оның қатарына лудомания сынды әлеуметтік кеселді жатқызуға болады. Бүгінде бұл қоғам үшін, оның ішінде өскелең ұрпаққа ауқымды түйткілдерді тудырып отыр. Сондықтан оның алдын алу шаралары елімізде қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, ағымдағы жылы арнайы заң жобасы қабылданды. Алдағы бірнеше жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Дегенмен мұның баршасы мәселені түбегейлі шешпейді. Мәселені толықтай жою үшін әлеуметтің бойында иммунитет болуы керек. Яғни мәселенің салдары толықтай түсіндірілуі керек. Бұл бағыттағы шаралардың Түркістан өңірінде қолға алынғанына біршама уақыт болды. Бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз…

Сауран аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Құмтүйін жалпы білім беретін мектебінде «Салауатты сана» жобасы аясында 5 кеселмен күрес жөнінде жоғарғы сынып оқушыларымен жиналыс өтті. Сауран аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманованың баяндауынша, жиынның мақсаты — оқушылардың зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты санасын ояту, бір-біріне деген сыйластық, татулық қарым-қатынастарын арттыру, бос уақытын тиімді пайдаланып, қауіпті әрекеттерден сақтануға шақыру. Тағылымды басқосуда Қарашық ауылдық округының Аналар кеңесінің мүшесі, зейнеткер ұстаз Мырзахмет Мария, «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалының маманы Абиханова Аида, «Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» тұрмыстық зорлық-зомбылық бөлімінің психологы Саодат Раметова, меңгеруші Жексенбаев Олжас бес әлеуметтік кесел, яғни нашақорлық, лудомания, ысырапшылдық, құмарпаздық, зорлық-зомбылықты болдырмау, алдын-алу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Оқушыларға бұл кеселдердің соңы немен аяқталатынын түсіндіріп, ақпараттар берілді. Олар тәрбие құндылықтарымен қатар өзара сыйластықты нығайтуға шақырды. Мазмұнды жиында оқушыларға салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді пайдалану керектігі айтылды. Айта кету керек, «Салауатты сана» — ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзі негізіндегі қауіпсіз өмір сүру үшін арылу керек әлеуметтік кеселдермен күресу туралы берген тапсырмасы негізіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі мен ҚХА Хатшылығы жасақтаған жобасы.