МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Қазақстанда лудоманияға душар болып жатқан азаматтарымыздың саны 400 мыңнан асады. Өзекті мәселені шешу жолдары түрлі деңгейлерде талқыланды. Нәтижесінде биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияға қатысты заңға қол қойды. Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға бәс тігуге қатыса алмайды. Сонымен қатар, шектеуді сақтамағандары үшін жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Бұған қоса, букмекерлік кеңселер мен бәс тігуге қызықтыратын жарнамаларға да шектеу қойылды.

Әрине, мұның баршасы заң аясында жүзеге асатын жұмыстар екенін ұмытпағанымыз абзал. Мұнымен мәселені толық шешу де мүмкін емес. Сондықтан Түркістан облысында ақпараттық-насихат жұмыстары кеңінен жүргізіліп келе жатыр. Мәселен, жуырда Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектебінде Түлкібас АПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары А.Амирбеков және ЮПБ полиция капитаны А.Бекназаров, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Е.Туганбаев, педагог-психолог З.Уразованың қатысуымен жасөспірімдердің арасындағы суицид және қылмыстың алдын-алу мақсатында 7-11 сынып оқушылары арасында жиналыс болып өтті. Жиналыс барысында құқықбұзушылық, жолда жүру ережелері, лудомания тақырыптары бойынша түсініктеме беріліп, оның түрлері мен зардаптары жайлы айтылды. Құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша оқушыларға кеңестер берілді. Сонымен қатар мектеп психологы З.Уразова оқушыларға лудоманияның зардаптары турасында кеңінен әңгімелеп берді.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20 пайызы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Ал шарасыз күйге түскендері өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатады. 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, 3 676 суицид фактісі тіркелсе, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға әуес адам жасаған. Соңғы үш жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 трлн теңгеден астам қаражат салған. Сондықтан бұл мәселемен күрестің маңызы айрықша.