ТҰРАНДЫҚ ТҰРҒЫНДАР ҚАЛА ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгінде елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қыруар іс атқарылып келеді. Қазіргі уақытта елімізде халық пен биліктің арасындағы байланысты нығайту мақсатында бірқатар бастамалар көтерілуде. Мәселен, Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһарға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге арнайы ат басын бұрып, бұқараның талап-тілегін тыңдап, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында кеңінен тарқатпақпыз…

Бұл жолғы кездесулерде Спорт, Ақтас, Жаңаталап, Айкөл, Агроферма, Қарасу шағын аудандары мен Добролюбов көшесі тұрғындарының өзекті мәселелері талқыланды. Қаңғыбас иттерді аулау, су бұру жүйелері, жер қатынастары, аула аумақтарын абаттандыру және көгалдандыру мәселелері көтерілді. Жаңаталап шағынауданында қала әкімі тұрғындармен бірге жаңа көпірдің ашылуына қатысты. Естеріңізге сала кетейік, осы жазда жауын-шашынның көп болуына байланысты Бадам өзені суы күрт көтеріліп, өткен ғасырдың 70-ші жылдарында салынған көпір тіректері бүлінген. Пайдалануға берілгелі көпірде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қала басшысының тапсырмасы бойынша жергілікті тұрғындар үшін уақытша айналма жол ұйымдастырылып, қоғамдық көлік қозғалысы қайта жанданды. Өз кезегінде Ғабит Сыздықбеков мердігер ұйым басшылығына нысанды уақтылы пайдалануға бергені үшін алғысын білдірді.
Ал Агроферма Қарасу және Айкөл шағынаудандарында қала тұрғындары мектеп пен жол салу, әлеуметтік қызметтер көрсету және инфрақұрылым жүргізу мәселелеріне тоқталды. Қала тұрғындарымен кездесу нәтижелері бойынша мәселелер мен өтініштерге мұқият талдау жүргізіледі. Алдағы жылдарға жұмыс жоспары жасалады. Қала әкімі жылдар бойы шешілмеген және егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін проблемаларды атап өтті. Кешенді шаралар жүргізіліп, өзекті мәселелер жүйелі түрде шешілетін болады.