БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

Әрбір ата-ана үшін баладан асқан бақыт жоқ. Сондықтан олардың амандығы мен қауіпсіздігі бірінші орында болуы қажет. Дегенмен жыл сайын балалар арасындағы жарақат пен жазатайым оқиғалардың көбеюі көңілді қатты қынжылтады. Бұл, әрине, ең бірінші, ересектердің назарының жеткіліксіздігінен туындап жатады.

Осыған орай, Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері балалар қауіпсіздігі жөнінде бірқатар іс-шаралар өткізіп келеді. Солардың бірі «Өрт қауіпсіздігі», «Уланудың алдын алу» тақырыбында ата-аналармен жиын өткізіп, оларды балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Жиында қызметкерлер ата-аналарға кеңес берді. Онда балаларды қараусыз қалдырмауды, оларға терезелердің жанында және ықтимал қауіпті жерлерде бақылау жасауды қамтамасыз етуді айтты. Сондай-ақ, терезелерге қорғаныс торларын орнатуды, сіріңкелер мен оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерге қоюды ескертті. Сондай-ақ балаларға қауіпсіздік негіздерін үйретуді міндеттеді.
«Егеменді еліміздің болашағы – балалар. Сондықтан бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық. Мұның бәрі балалар қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан істердің бір парасы ғана. Тәртіп пен тәрбиенің ұштасуы қауіпсіз қоғамды қалыптастырады. Балалар қауіпсіздігі әрқашан басты назарда болуы тиіс» деді Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері.