«СУ РЕСУРСТАРЫ – МАРКЕТИНГ» ЖШС-НА ҚАТЫСТЫ ДАУ ШАРЫҚТАУ ШЕГІНЕ ЖЕТТІ
қала әкімінің ұстанымы
қандай?
Газетіміздің бұған дейінгі сандарында Шымкенттегі «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС төңірегіндегі дауды тарқата баяндаған едік. Бүгінде бұл мәселе ушығып, бірқатар белсенділер араласа бастады. Әрине, арасында бұл бастаманы жақтаушылардың қатары қалың. Әлеуметтік желідегі жұрт су тарифінің қымбаттығын сөз етіп, мемлекетке қайтқанын құп көретінін алға тартуда. Осы орайда, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен сегізінші шақырылымдағы мәслихаттың кезекті ХХI сессиясы өткен болатын. Дәл осы жиында біз сөз еткен түйткіл тағы да көтерілді.
Нақтырағы, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Талғат Балтабаев бұл түйткілге қатысты пікірін ортаға тастады. Айтуынша, мәселе көтерілгелі бері әлеуметтік желіде біржақты ақпарат кеңінен тарап кетті. Осындайда бұқараға шынайы дерек, нақты ақпар берудің маңызы айрықша. Депутаттың сөзінше, монополист компанияға тариф бағасын реттеу туралы талапты қоя алмаймыз. Өкініштісі сол, кәріз тарифі Шымкентте Алматы және Астанамен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бұл ғана емес, мекеме басшысына қатысты да сын көп. 1995-1997 жылдары Шымкент қаласының әкімі болған Анарбек Орман қызметтен кеткеннен кейін су бұру мен сумен жабдықтауға жауапты алып кәсіпорынға басшы болып шыға келген. Бір қызығы, сумен жабдықтау және су бұру қызметін жекешелендіру дәл осы азаматтың әкім болған уақытында басталған. «Бұл нысан – халықтың нысаны. Кезінде мемлекеттің ақшасына салынған. Дегенмен кезінде әкім болған азаматтардың қитұрқы әрекеттерінен жекенің меншігіне өтіп кеткен» деді Талғат Дүйсебайұлы. Мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеген халық қалаулысы кәсіпорын басшылығының соңғы жылдар ішінде тек шығынға жұмыс істеп келе жатқанын сын садағына алды. Сөзінше, 2020-2022 жылдар ішінде «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС 32 млрд теңге табыс тапса, шығыны 38 млрд теңге болған. «Уақыт» газетінің бұған дейінгі сандарында кәсіпорын басшылығының жұмысты жүйелей алмауынан шығын көлемі артып кеткенін біз де жазған едік. Қош, осылайша басынан дауы арылмаған кәсіпорынның тағдыры тағы да талқыланды.
Мәслихат депутатынан кейін сөз алған шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков халық қалаулысының ойымен толықтай келісетінін айтты. Нақтырағы «Талғат Дүйсебайұлының айтқанына толықтай қосыламын. Бүгінде «бұл нысанды алып, өзгеге беретін көрінеді» деген пікір тарап жатыр. Бұл — жаңсақ пікір. Нысан мемлекет меншігінде қалады. Ашығын айтқанда, алынған ақша орнымен жұмсалмаған. Әрине, мұның бәрі тексеріс аясында мәлім болады. Субсидиямен алынған қаражат дұрыс жұмсалмаған. Тексеріс басталған еді, жұмысты тездете бастады. Нысан ертелі-кеш мемлекет меншігіне қайтарылады» деді. Айтса-айтқандай-ақ, соңғы уақытта әлеуметтік желіде кәсіпорынды мемлекет балансына алу бастамасын рейдерлік әрекетке балаған белсенділерді көзіміз көрді. Тіпті, шынайы деректерді сараламай, ахуалды бағаламай, әкімдікті айыптай кеткендер де табылды. Міне, сол азаматтар газетіміздің өткен санында жарияланған нақты дәлелдерді білмеуі мүмкін еместей көрінеді. Әрине, ақпарат майданында әртүрлі айла-тәсілдің болары айқын. Бәлкім, мұның артында да бізге беймәлім болған жайттар мен жағдайлар жатқан шығар. Онысынан хабарымыз жоқ. Бір білеріміз, халықтың бел ортасында жүріп, ашынған әлеуметтің мұң-мұқтажына құлақ асып жүрген мәслихат депутаттары бұл бастаманы қолдайтындарын ашық айтты.
Нақтырағы, сессиядан кейін журналистер халық қалаулыларының пікірін білген еді. Аңғарғанымыз, бұл бастаманы депутаттар бірауыздан қолдайды. Мәселен, Абзал Зейнетаев «Әр нәрсе заң бойынша қаралып жатыр. Халықтың ойындағы нәрсе болады деп ойлаймын. Жалпы бастаманы қолдаймын» деді. Ал Талғат Ысқақов «Инженерлік жүйелерді мемлекет тарапынан қаржыландырады да, монополист компанияның балансына береді. Сөйтеді де халықтан қаржы жиналады. Мен мұндай жүйеге қарсымын. Монополист компания қаржыны қарыз есебінде алып, ұзақ мерзімде қайтаруы керек» деп атап өтті. Тағы бір халық қалаулысы Бақытжан Позиловтың ойынша, бұл нысан кезінде экономика тұрақсыз болған тұста жекеге өтіп кеткен болуы мүмкін. Дегенмен қазір жағдай басқа. Сондықтан нысан мемлекет меншігіне өтуі керек. Өйткені бұл – стратегиялық маңызы бар нысан. Оны мемлекеттің қадағалауы керек. Мұндай өзекті тақырып бойынша қалалық мәслихаттың депутаты Дария Қожамжарова да пікір білдірді. Нақтырағы ол «Жер асты байлықтары мемлекеттің меншігінде болуы керек» деп қысқа қайырды. Бір қызығы, мәслихат депутаттары бұған дейін халық арасында су тарифіне қатысты түйткілдердің барын айтып қалды. Әлеуметтік желідегі жазбаларда да тариф пен өзге де төлемдерге қатысты шағымдар көп. Осының өзі көп нәрседен хабар берсек керек…
Қош делік, қарап отырсақ, су бұру және сумен жабдықтау ісіне қатысты сынның айтылып келе жатқанына жылдар болған. Мұны жұртшылықтың жазған пікірі айғақтайды. Тариф бағасы шарықтап тұр. Кәсіпорын шығынға жұмыс істеп жатыр. Мекеменің жекеге өту тарихында күмәнді жайттар көп. Қала берді, алған міндеттемелерді орындау бойынша да олқылықтардың бары айтылып жатыр. Ал кәсіпорын басшылығының сөзі де, ойы да мүлде басқа. Бір қызығы, «Уақыт» газетінде жарияланған деректердің қоғамда кеңінен талқыланып жатқанына біршама уақыт болды. Оған қарсы дәлелді дәйек, нақты ақпарды кәсіпорын басшылығы әлі де ұсынған жоқ. Тек «тексеріс көбейді» деген уәжбен шектеліп отыр. Осы тұста, жұмысы жүйелі, есебі дұрыс, тарихы таза мекеменің ешбір тексерістен аяқ тартпайтынын ұмытпауымыз керек. Қанша десек те, ақпараттық майдандағы соғыс шарықтау шегіне жетті. Бұқаралық ақпарат құралы ретінде мәселенің маңызын біз көтердік, жұртшылық тақырыпқа қатысты сыны мен мәселесін айтты, мәслихат депутаты билікке жеткізді. Ал қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тиісті жұмыстарды қолға алып, нәтижеге жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының түпкі мақсаты да осы — билік пен бұқараның әділдік жолында бірлесе жұмыс істеуі емес пе? Ендеше біз бұл мақсатқа бірлесе жеттік деп ойлаймыз. Халықтың ішіп отырған суына жауапты кәсіпорын жуық арада мемлекет меншігіне өтуі мүмкін. Солай болған жағдайда, бұл бұқара мен жергілікті биліктің бірлесе жүзеге асырған жемісті жұмысы болмақ. Әділетті Қазақстанды құруға әр адам үлес қоса алады. Бастысы, оны қолдайтын басшы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, шымкенттіктердің айы оңынан туып отыр!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.