АТА-АНАЛАР ЕРЕКШЕ ФОРМАТТА ӨТКЕН ЖИНАЛЫСҚА ҚАТЫСТЫ
Отырар аудандық білім бөліміне қарасты М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Уақытты ұйымдастыру және өзін-өзі басқару» тақырыбында жаңа форматтағы жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Жиын қонақтары мен ата-аналарды мектеп директоры Сыздықәлі Айнұр Әбдіғапбарқызы күтіп алып, жаңа оқу жылындағы жаңалықтарымен бөлісті.
Қонақтарды мектеп басшысы үйірме жұмыстарымен, қазақтың ұлттық ойындары асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат және робототехника, заманауи үлгіде жабдықталған STEM кабинетімен таныстырды. Жиналыс барысында келген ата-аналармен бала арасындағы қарым-қатынасты арттыру, бала тәрбиесіндегі тәжірибемен бөлісу, ата-аналарға позитивті көңіл-күй сыйлау мақсатында психолог Гүлмира Серікбаева тренинг сабақтарын өткізді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру, уақытты басқару және өзін-өзі басқару, әр отбасындағы бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, оқушылардың жалпы қауіпсіздік ережелері, мектептің ішкі тәртібі мен ережелері және жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Біржан Байысбаев баяндама жасап, ата-аналардың бала алдындағы міндеттері, жалпы оқушылардың қауіпсіздігін сақтау туралы айтты.
Сонымен бірге Отырар АПБ-нің ЖПҚ ЮПТ полиция аға лейтенанты Бақытжан Қапалбайұлы, қазіргі таңдағы жасөспірімдер арасындағы белең алып жатқан вейптердің, электроскутерлер, лудомания, құқықбұзушылықтардың алдын алу жөнінде ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, биыл жыл басынан бері күнгейдегі білім ордаларында нашақорлық, ерте жүктілік, лудомания сынды әлеуметтік кеселдермен күресу бағытында кездесулер ұйымдастырылып келе жатыр. Оған оқушылар мен мектеп мұғалімдері, ата-аналар қатысуда. Әрбір ұйымдастырылған жиында сала мамандары жоғарыда сөз еткен түйткілдер турасында кеңінен ақпарат беріп, оның алдын алу бойынша кеңестер айтып жатыр.