«ЖАСТАРҒА ЗАҢГЕРЛІК БОЙЫНША КЕҢЕС» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Дегенмен өскелең ұрпақты құрдымға сүйреп, құздан құлататын түрлі кеселді дүниелер де белең алып келе жатқаны жасырын емес. Оның қатарына талайды тәуелді еткен құмар ойындарын жатқыза аламыз. Бүгінде лудомания сынды кеселге душар болып, психологиялық тұрғыда тәуелді болған азаматтардың саны өте көп. Сол себепті бұл түйткілмен күрес жұмыстары күшейіп келеді. Тіпті, жастар орталықтары да мұндай маңызды іске білек сыбана кірісіп кеткен.

Мәселен, жуырда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның ұйымдастыруымен Түркістан облысының жастар саясатын дамыту, жас ұрпақтың құқықтық санасын көтеру максатында «Жастарға заңгерлік бойынша кеңес» тақырыбында «Түркістан жоғары медицина колледжі» студенттерінің заңгерлермен кездесуі өтті. Кездесуге арнайы ТО Әділет департаментінің бөлім басшысы Ербекешов Нұрлан, заң консультанты палатасы төрағасы Орақбаева Айгүл, нотариус маманы Уринбаева Сәуле, жеке сот орындаушы Тілеубергенұлы Нұржан келіп қатысты. Сонымен қатар кездесудің модераторы «Жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу» бөлімінің инспекторы Сұлтанбек Тұрсынай болды.
Кездесу барысында заңгер мамандары нашақорлық, лудомания, зорлық-зомбылық, алаяқтық тақырыптары бойынша пікір алмасып ой бөлісті. Сонымен қатар жастар мен жасөспірімдер арасында келеңсіз жағдайлардың алдын-алу, мемлекеттік бағдарламалар мен заңгерлік кеңестер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үнпарақшалар таратты. Шара соңында студенттер өз алған әсерлерімен бөлісіп, естелікке суретке түсті.