ЕЛІМІЗДЕ ҚАНДАЙ МАМАНДАР ТАПШЫ?

Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс күн сайын құбылып тұрады. Дегенмен ұзақ уақыт бойы трендтен түспеген мамандықтар да баршылық. Осы орайда, жуырда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде қандай жұмысшы мамандарына тапшылық бар екенін айтып берді.

Орта мерзімді болжамға сәйкес, жұмысшы мамандар бойынша кадрларға қажеттілік 2030 жылға қарай 410,6 мың адамға жетеді. Биыл бұл көрсеткіш шамамен 52,7 мың шамасында. Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие мамандықтар – автомобильдердің, жүк автомобильдерінің жүргізушілері, такси жүргізушілері – 88,1 мың адам, дәнекерлеушілер – 18 мың адам, құрылысшы-монтажшылар, құрылысшы-әрлеушілер, суретшілер – 13,4 мың адам, сантехниктер – 13,2 мың адам, фермерлер мен аралас өнімдерді өндіру бойынша жұмысшылар – 12,4 мың адам, сылақшылар – 11,2 мың адам, тракторшылар – 11 мың адам, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарлары – 8,2 мың адам.
Сонымен қатар Электронды еңбек биржасы порталында жұмысшы мамандарына жұмыс берушілерден 15 722 бос жұмыс орындары жарияланған. Ондағы жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін жетеді. Қарап отырсақ, еңбек нарығындағы сұраныста жұмысшы мамандарға басымдық беріліп отыр. Сәйкесінше, осының өзі мектеп бітіруші түлектерге берілген бағыт-бағдар бола алмақ. Өйткені қазіргі таңда мамандық таңдаудан қателесіп жатқандардың қатары қалың…

С.НҰРАЙ.