«ЕЛ БОЛАШАҒЫ АЙҚЫНДАЛАТЫН СӘТТЕ СЕРГЕК БОЛАЙЫҚ!»

Биылдың қыркүйек айында еліміз үшін маңызды мәселелер талқыланған жиын өтті. Нақтырағы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Міне, аталған маңызды құжаттағы өзекті мәселелерді халыққа жеткізу барысында ел Президенті «Атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн» деп атап өтті. Осы орайда, бүгінде атом электр станциясын салу бастамасына қатысты сан түрлі пікірталастар жүріп жатыр. Арасында қолдаушылар бар. Қарсы тарап та пікірін білдіріп жатыр. Осындайда жағдайды саралап, нақты позицияны айқындап алуымыз қажет-ақ.

Біріншіден, атом электр станциясын салу – заман талабы. Өйткені қазіргі уақыттың өзінде елімізде энергия тапшылығы бар. Мұның орнын көрші мемлекеттермен келісімге келу арқылы жауып отырмыз. Әйткенмен бұл үрдістің қаншаға созылары белгісіз. Өйткені көршілеріміз де – біз сияқты дамушы мемлекеттер. Сәйкесінше, жыл сайын қоғамның түрлі салалары қатар дамып, энергияға деген сұраныс артып бара жатыр. Қала берді, әлемде геосаяси тұрақсыздықтың орын алғанына біршама уақыт болды. Мұның баршасы тұтынатын энергия бағасына әсер етуі мүмкін. Осы орайда, инвестициялық жайлы орта қалыптастыру арқылы кәсіпкерлік саланы дамытуды көздеп отырған Қазақстан үшін энергия тапшылығының алдын алу аса қажет. Сондықтан да атом электр станциясын салу айналамыздағы жағдайды саралағаннан, болашағымызды бағдарлағаннан туған шешім деп білемін. Мұның игілігін біз ғана емес, біздің ұрпақтарымыз да көреді.
Екіншіден, дәл осы станцияның шикізатты тұтыну деңгейі өте төмен, ал өндіретін қуаты орасан. Бір ғана атом электр станциясы тұтас мегаполисті үздіксіз электр қуатымен қамтуға қауқарлы. Мәселен, жылу электр станциясын алып қарайық. Оған тәулігіне шамамен екі теміржол тізбегіндей көмір жағылса, ал атом реакторының бір энергоблогына шағын ғана уран өзегі жетіп жатыр. Сарапшылар дерегіне сүйенсек, 1 келі уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады. Осының өзі бұл қуат көзінің артықшылығын айқындап тұрған тәрізді. Үшіншіден, атом электр станциясы онсыз да ушыққан экологияның жақсаруына әсер етеді. Тарқатсақ, АЭС көмірқышқыл газын, метанды және басқа парниктік газдарды шығармайды. Яғни жаһандық жылыну мен климат өзгеруінің алдын алуға мүмкіндік береді. Көмір электр станциясынан айырмашылығы күкірт пен азот оксидтерін, қатты қалдық бөлшектерді, сонымен қатар, адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға теріс әсер ететін басқа ластаушы заттарды іс жүзінде шығармайды. Дегенмен әлеумет АЭС шығарындыларының адамға кері әсер ететінінен қауіптеніп отыр. Осы тұста айта кетерлігі, АЭС орналасқан жерде радиоактивті қалдықтардың өндірістік қызметін бақылауға, оларды залалсыздандыруға және жоюға әлемнің озық технологиялары қолданылады. Ең бастысы, құрылыс жұмыстары халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Бақылауда болады.
Қорыта айтқанда, мұндай маңызды бастаманы қоғам болып қолдауымыз қажет. Ұрпағымыз өзгеге кіріптар болмасын, еліміз энергетикалық тұрғыда тәуелсіз болсын десек, 6 қазанда өтетін референдумға қатысып, өз дауысымызды берейік. Әрбіріміздің белсенділігіміз аса маңызды. Осыны ұмытпасақ екен…

Шыңғыс ҚОЗБАХОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының
депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.