ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ ЖАҚСАРА ТҮСТІ
Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Күні бүгінге дейін үшінші мегаполисте бұқара көтерген талай түйткіл шешімін тапты. Дегенмен шешімін табуы тиіс мәселелер де аз емес. Мәселен, бұдан біршама уақыт бұрын қоғамдық көлікке қатысты өзекті түйін көтерілген еді. Енді бұл мәселе де шешімін тапты. Тарқатайық…
Ашып айтсақ, соңғы уақытта Шымкентте тұрғындар тарапынан көліктер санын көбейту туралы өтініштер саны артқан. Осы мәселе бойынша , жолаушылардың өтініштері ескеріліп, қаладағы 11 маршрутқа қосымша 24 автобус қосу жоспарланған болатын. Бұл — өз кезегінде автобустардың аралық интервалын азайтып, жолаушылардың қоғамдық көліктерді ұзақ күтпеуіне септігін тигізуіне жасалған жақсы жағдай. Қазіргі кезде қосылған бағыттағы көліктер жаңа кестемен қызмет көрсете бастады. Нақты айтар болсақ, №15 бағыттағы 9 автобус Таскен шағынауданынан «Айна» базарына дейін қатынап, жолаушыларды тасымалдайды. Шағынауданда жолаушылар ағымының артуына байланысты аталған маршрутқа қосымша 1 кесте қосылды. Қазіргі уақытта бұл аралыққа 10 автобус 15 минуттық жиілікпен қатынап жатыр.
Сондай-ақ №70 бағыттағы 12 автобус Қайнарбұлақ тұрғын алабынан «Гипер хаус» сауда үйіне дейін күнделікті жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. Оқу жылының басталуына орай және тұрғындар өтініштеріне сәйкес, №70 автобус маршрутына қосымша 2 кесте қосылды. 14 автобустың жұмысы 10 минуттық жиілікпен ұйымдастырылды.