ТҮРКІСТАНДЫҚ ӨРЕНДЕР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ
Елімізде спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Біріншіден, бұл сала елдің атын әлемдік деңгейде танытатын мүмкіндікке ие. Екіншіден, спорттың бұқаралық сипат алуы ұлт саулығының мықты болуына ықпал етіп, халықтың сапалық көрсеткішін арттырады. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Тарқатайық…
Жуырда облыс орталығында 2010, 2012-2013 жылы туылған жасөспірімдер арасында «Turkistan Cup – 2024» республикалық турнирі өтті. Сайысқа Астана, Ақтау, Тараз, Қонаев, Түркістан, Кентау қалалары мен Алматы облысынан 16 команда қатысты. Шараға қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев пен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, еліміздің әр өңірінен келген жас спортшыларға қолдау білдірді. Ойын нәтижесіне келсек, 2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында «Түркістан командасына» чемпиондық кубок бұйырды. II орынды «Қонаев командасы», III орынды «Каспий командасы» иеленді. Ал 2012-2013 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы чемпиондық кубокты Түркістан қаласының «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» командасы қанжығаға байласа, II орынды «Тұран Түркістан командасы», III орынды түркістандық БЖМОФМ мектебі алды. Үздік ойыншыларға арнайы номинациялар да табысталды.
Айта кетейік, соңғы жылдар ішінде спорттық инфрақұрылымы жетілген Түркістан қаласында көптеген республикалық және халықаралық сайыстар өтіп жатыр. Бұл ғана емес, жаңарған спорт кешендерінде тәжірибесін арттырып жатқан жастар да түрлі спорттық додаларда өзгелерден оза шауып, жеңіс тұғырынан көрініп келе жатыр.