ТАРИХИ ҚАЛА ТӨРІНДЕ КІТАПХАНАШЫЛАР БАС ҚОСТЫ
Түркістан – еліміздің рухани астанасы. Сәйкесінше, тарихи қалада ұлттық руханияттың тереңдеуіне ықпал ететін түрлі бастамалар көтеріліп, жүзеге асып келе жатыр. Бүгінде Түркістанды білмейтін азамат жоқ. Мұның өзі шаһарда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесін айғақтайды. Жалпы халықтың санасын сілкінтіп, ғұмырына сәуле шашар іс-шаралар дәл осы қаладан бастау алуы тиіс. Осы орайда, жуырда Түркістанда айрықша шара өткен болатын. Тарқатайық…
Облыс орталығында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспановамен «Махаббатым – кітап, мамандығым – кітапханашы» тақырыбында кездесу өтті. Қазақстандық кітапханалық одақтың төрайымымен кездесуге облыс кітапханашылары қатысты. Бенефис кеші форматындағы жиын тақырыпқа сай көрме инсталляциясын таныстырумен басталды. Кешті басқарма басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып берді. Кеш кейіпкерінің кітапхана жолында атқарып жатқан еңбегіне тоқталды. Содан соң облыс әкімінің арнайы құттықтау хатын табыстап, сәттілік тіледі. Кездесу барысында зиялы қауым өкілдерінің және мемлекет қайраткерлерінің кейіпкер жайлы естеліктері, құттықтау сөздері басылған бейне жолдауы көрсетілді. Жиналған кітапханашылардың көкейіндегі қызықты әрі салалық сұрақтарға жауап беріп, өзінің еңбек жолы туралы естеліктерін әңгемелеп берді.
Жиында Бақытжамал Қайырбекқызы түркістандық үздік кітапханашыларға Қазақстандық кітапханалық одақтың «Кітапхана ісінің ардагері», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» және «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгілерін табыстап, өз атынан арнайы алғыс хатпен марапаттады. Кеш соңында «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова қорытынды сөз алып, кештің маңызына тоқталды. Сондай-ақ қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдірді.