ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР СПОРТ БӘСЕКЕСІНДЕ БИІКТЕН КӨРІНДІ
Елімізде спорт саласын дамытуға айрықша басымдық беріліп келеді. Өйткені дәл осы сала елдің байрағын биікке көтеріп, әлемдік қауымдастықтағы мемлекеттің абыройын асқақтатуға ықпал ете алатын салалардың бірі саналады. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Әсіресе, соңғы жылдар ішінде тарихи қалада бірқатар спорттық нысандар бой көтерді. Жаттықтырушылардың саны артты. Мұның өзі түркістандық спортшылардың түрлі додаларда бақ сынап, биіктен көрінуіне себеп болды.
Нәтиже жаман емес. Мәселен, түркістандық спортшылар 13-19 тамыз күндері Қытайдың Уси қаласында таеквондодан жасөспірімдер арасында өткен «GRAND SLAM 2024» халықаралық турнирінен жүлдемен оралды. Алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық сайыста Нәлібай Жаншуақ 45-61 келі салмақта 2-орынға, Акрамова Шахризод 33-45 келі салмақта 3-орынға ие болды. Жаттықтырушылары — Тұраров Абзал мен Тұрлыбек Жандарбек. Өз сөзінде «Спортқа келгенде таеквондоны өзім таңдадым. 10 жасымнан бері осы спорт түрімен шұғылданып келемін. Өзіме қатты ұнайды. Болашақта олимпиада чемпионы болғым келеді. Сол үшін де аянбай тер төгуге дайынмын» дейді түркістандық жас спортшы Жаншуақ Нәлібай. Сондай-ақ ол спорттағы әр жетістігіне қолдау білдіретін ата-анасы мен жаттықтырушысына алғысын айтты.
20-дан аса мемлекет қатысқан турнирде Қазақстан құрамасы командалық есепте 1-орынды иеленіп, 7 алтын, 3 күміс, 6 қола медальды қанжығаға байлады. Аталған халықаралық спорт сайысына елімізден 34 спортшы қатысқан болатын. Осылайша түркістандық спортшылар қаланың ғана емес, күллі Қазақстанның абыройын халықаралық деңгейде жоғары деңгейде қорғап, қанжығаға жүлдені байлады.