ОЙЫНҚҰМАРЛЫҚ — ҚОҒАМ ДЕРТІ

Бүгінде қоғам арасында құрығын кеңге жайған өзекті мәселелер көп. Солардың бірі де бірегейі – лудомания. Соңғы уақытта ойынға ессіз берілгендер елден бөлектеніп, тұлға ретінде дамуын тоқтатып жатыр. Бұл – көкейтесті мәселе. Елімізде оның алдын алу үшін арнайы заң жобасы қабылданды. Алдағы бірнеше жылда атқарылатын жұмыс жоспары бекітілді. Дегенмен мұның өзі жеткілікті емес. Түйткілдің түйінін ағыту үшін қоғам біріге жұмыс істеуі шарт.

Осы орайда, Сауран ауданы, Майдантал ауылдық округі, Қаражон елді мекенінің тұрғыны, Түркістан қаласының құрметті азаматы Тұралы Ниязбеков жастар мен жасөспірімдер арасындағы тәуелділік, ойынқұмарлық, буллинг, кибербуллингтің алдын алу мақсатында үндеу жариялады. Ондағы мақсат — жастар мен жасөспірімдер арасындағы тәуелділік, ойынқұмарлық, буллинг, кибербуллингтің алдын алу және жастардың адам тәрбиесі мен қоғам тәрбиесіне байланысты көзқарасын дұрыс қалыптастыра отырып, болашақта ұрпақ қамын, ұлт тағдырын ойлайтын қоғамның мүшесі етіп тәрбиелеу. Жалпы ойынға тәуелділік, яғни ойынқұмарлық жеке тұлғалық жақтан да, әлеуметтік жақтан да қоғамның күрделі мәселесіне айналды. Ойынқұмарлық әртүрлі зардаптарға әкелуі мүмкін. Атап айтатын болсақ, барлық мүлкінен айырылудан бастап тұлғаның азғындауы немесе өзіне-өзі қол жұмсауына дейін баруы ықтимал. Одан құтылу үшін реабилитация қажет. Жақындары тарапынан болатын қолдау болғанда осындай келеңсіздікпен күрес анағұрлым тиімді және жылдам жүзеге асады. Дегенмен ойынға тәуелді азамат әуелі өзінің лудоман екенін саналы түрде түсінуі және қабылдауы шарт.
Айта кетейік, биыл Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілген. Атап айтқанда, құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға, бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады. Бұдан өзге жаңа нормалар да көп. Заң талаптары бүгінгі күнде мемлекеттік қызметшілерге, жастарға, ел тұрғындарына түсіндіріліп жатыр. Дегенмен мұның өзі мәселені түбегейлі жоюға жеткілікті емес. Сондықтан қоғамның, ел азаматтарының кеселді дүниемен күреске үлес қосуы аса қажет.