МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ЖАҢА ЗАҢНЫҢ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Бүгінде мемдекеттік қызметшілерге қойылатын талап қатаң. Арнайы заң жобалары да бар. Десе де түрлі әлеуметтік кеселдерге бейім келетін қызметкерлер әлі де бар. Сондықтан заң талаптарын қатаңдату бойынша тиісті шаралар көріліп келеді. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда құмар ойын сынды құрдымға батыратын жат қылық, жаман әдетке бой алдырғандардың қатары аз емес. Бүгінде бәске ақша тігу үшін өз қызметін асыра пайдалатындар да ұшырап тұрады. Ал оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл бағыттағы шаралар Түркістан облысында белсенді жүргізіліп келеді.

Мәселен, 19 тамыз күні Түркістан облысына қарасты Шардара аудандық экономика және қаржы бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жиналыс өткізілді. Жиналысты бөлім басшысы Б.Жетписбаев ашып, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағының 6-тармақшасына сәйкес, «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемелерінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға және бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарда қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер туралы және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңының 13-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді қабылдауға және оларды бұзған жағдайда жауапкершілікте болатындығы жөнінде қатаң ескертілетінін атап өтті. Жиналыс соңында бөлім басшысы Б.Жетписбаев бөлім қызметкерлеріне жұмысты адал атқаруға, елінің жанашыры ретінде қызмет етуге шақырды және осы хаттама бөлім қызметкерлеріне таныстырылды. Жиын барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне себеп болатын құмар ойындары турасында да кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар жат қылықтан абай болу керегі де түсіндірілді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Енді жаңа заң талаптары бойынша мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Сондықтан да еліміздің түкпір-түкпірінде заң талаптарын кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін облыс орталығында арнайы жиын өтіп, сала мамандары ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізген еді. Енді іс-шаралар легі аудандардағы бөлімдерде жалғасын тауып жатыр.