«ЛУДОМАНИЯ – ҚОҒАМ ДЕРТІ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТКІЗІЛДІ

Елімізде қоғамның өзекті мәселелерін шешу мақсатында қыруар іс атқарылып келеді. Оның қатарында нашақорлық пен лудомания сынды өзекті де өткір мәселелер бар. Әсіресе, лудомания түйткілі соңғы бірнеше жыл ішінде қоғамда кеңінен талқыланды. Мәжіліс депутаттары да аталған мәселеге айрықша назар аударып, жіті зерттеді. Бұл бастамаға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі себеп болған еді.

Қалың оқырманның жадында болса, ел Президенті бұған дейін «Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады» дей келе, арнайы заң қабылдау процесін жеделдетуді тапсырған. Нәтижесінде кең талқыланған тақырып бойынша арнайы заң жоба әзірленді. Артынша Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бүгінде қоғамда аталған заң жобасының талаптары мен баптары әлеумет арасында, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, жуырда Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспекторы Б.Абсаттардың ұйымдастыруымен Бабайқорған ауылдық округінің жастарына «Лудомания-қоғам дерті» тақырыбында кездесу өткізілді.
Лудомания – адам өмірінде негативті тұрғыдан басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ рухани тұрғыда да әбден азғындатты. Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Енді жуырда қабылданған заң жобасы осы мәселенің алдын алуды көздейтін түрлі бастамаларға себепші болып отыр. Ақпаратқа сүйенсек, заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілген. Атап айтқанда, құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады. Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған.
Бұл ғана емес, Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың немесе бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді. Бұған қоса, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино -, видео-және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады. Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде, спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде, сондай-ақ, олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Өскелең ұрпақтың денсаулығын энергетикалық сусындардың зиянды салдарынан қорғау үшін мұндай сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады.
Айта кету керек, құмар ойындарының құрбандары жыл өткен сайын көбейіп келе жатыр. Тіпті, айтуға ауыз бармайтын ауыр қылмыстарға да ойынға деген тәуелділік себеп болуда. Сондықтан халыққа бұл мәселе турасында кеңінен ақпарат беру мен салдарын түсіндіру бағытында қыруар іс атқарылып келеді. Оның ішінде Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Бүгінде мемлекеттік һәм мемлекеттік емес ұйымдар түсіндірме жұмыстарын қолға алған. Ақпараттық насихат топтары қазіргі күнге дейін күнгейдегі күллі аудандарда түрлі бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл ғана емес, психологтардың кәсіби біліктілігін арттыруды көздейтін семинарлар мен тренингтер де өтіп жатыр. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға себеп болатын сан түрлі бастамалар да жүзеге асты. Мұның баршасына өңірдегі жастар орталықтары мұрындық болып отыр. Біз сөз еткен жиынды да жастар жүзеге асырған. Мұның өзі өскелең ұрпақтың қоғам алдындағы түйткілді түйінді шешуге деген ынтасының жоғары екенін айғақтаса керек.